Сатқындар Назарбаевтың айналасына неге топтасады?
Қай ғасырда, мейлі қай мемлекетте болсын, сатқындықтың жазасы ауыр. Қазақта сатқындық жасағандарды жер аударып, елден қуып жіберетін өте ауыр жаза түрі қолданылған.
Мемлекеттік құпияны сату көптеген елдерде өлім жазасымен аяқталады. Алыстан емес, жақыннан мысал келтірсек.
Жаркентте Қытай сәулет үлгісімен салынған ескі ғимарат бар. Қазіргі уақытта тарихи музей қызметін атқарады. Соны Қытайдың атақты ағаш шебері бір тал шегесіз салыпты. Мұның сатқындыққа не қатысы бар дейтін шығарсыздар?
Орта ғасырларда Қытайда ағаштан үй салу өнері өте жақсы дамыған болса керек. Тіпті мұны мемлекеттік құпия ретінде сақтап, шеберлерді шетке шығармайтын заң болған. Миссиясын өтеп болған ұстаны қартайғаннан кейін қолын шауып тастайтын қатаң заң қолданылыпты. Жаркенттегі ағаш үйді сол жазадан қашып шыққан қытай шебері салған деген дерек бар. Жаркент, Шонжы, Кеген, Нарынқол қазақтары екі жыл Тәңіртаудың қойын қонышынан қарағай тасып, жүз шақты адам жұмыс істеп, әлгі ғимаратты тұрғызған. Әуелде мешіт болғанымен, қазір музей.
Ал Отанына опасыздық жасаған қытай шеберінің соңғы тағдыры туралы нақты мәлімет жоқ. Өмірін осында өткізді ме, әлде қытай жансыздары өлтіріп кетті ме, ол жағы жұмбақ.
Мұны неге айтып отырмыз? Соңғы жылдары Отанға опасыздық жасайтын сатқындар көбейіп кетті. Соңғысы – қауіпсіздік кеңесі төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Марат Шайхутдинов. Өткен аптада құрықталыпты. Ол да баяғы Бағлан Майлыбаев сияқты Ресейге ақпарат беріп отырған. Қазақстанның ішкі ісіне тұмсық тығуды өте жақсы көретін Ресей «жансыздарды» жіпсіз байлауға келгенде алдына жан салмайды.
Сонымен, Марат Шайхутдинов деген кім? Ол мемлекеттік құпияны сатып «күн көрген» сатқын. 2000-2005 жылдары Қазақ-Ресей университетінің директоры қызметін атқарыпты. Вербовкаға да сол жылдары ілінген болса керек. Шайхутдинов басқарған оқу орны екі елдің қарым-қатынасын зерттеумен айналысқан, Кремль әдетте мұндай жобалардан ақшаны аямайтыны баршаға аян.
Отанына опасыздық жасаған, мемлекеттік құпияны сатып «жан баққан» Марат Шайхутдиновтың Бағлан Майлыбаевпен қаншалықты қатысы бар? Ол жағы да зерттелуі керек. Өйткені екеуі де Ресей үшін жұмыс жасады. Екеуі де мемлекеттің құпия қызметін жақсы білді. Бұл ұқсастық емес. Бұл екеуінің «хозяині» бір екенін көрсетеді.
Шайхутдинов қатардағы көп шендінің бірі емес, білдей қауіпсіздік кеңесі төрағасының экс-орынбасары. Одан бұрын Ақорданың, президент аппаратының айналымында қызмет еткен дөкей. Негізінен елдің сыртқы саясатын жобалаумен айналысқан маман. Кезінде Назарбаев Шайхутдиновты жанынан ұзатпаған деп айтылады. Әлгі университеттегі жұмысынан кеткеннен кейін Тұңғыш президент қорына қарасты институтқа жетекшілік етіпті. Одан кейін сыртқы істер министрлігіне ауысып, қайтадан Назарбаевтың жанына оралған. Алдымен қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары болды, кейіннен осы органдағы Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарды. Қаңтар қырғыны болғанға дейін Шайхутдиновтың әр күні Назарбаевтың жанында өткен.
Экс-елбасының айналасында болған адамдардың не бүлдіргенін болжау мүмкін емес. Күн сайын бір «герой», күн сайын бір сатқын.
Осындайда «Қазақфильм» түсірген «Бейбарыс» деген фильм еске түседі. «Арамызда сұр жыландай сумаңдап жансыз жүр. Ол біздің әміршіміз Құтузды өлтірді» деп келетін жері бар ғой. Бұл сондай жағдай. Арамызда сатқын жүр. Олар Ресей үшін, Путин үшін қалтқысыз қызмет етуде. Неге екені түсініксіз, сол сатқындар Назарбаевтың айналасына топтасқан. Кешегі Мәсімов те экс-елбасының өте сенімді серігі болды. Отанына опасыздық жасағандардың тізімі мұнымен бітпейді-ау. Инсайд-ақпараттарда Бауыржан Байбек пен ағайынды Нығматулиндердің, Қайрат Мәминнің сау сиырдың жапасы емес екені жиі айтылады.