Саясат

Сатыбалдының соңғы мүмкіндігі

Түркістанның мектептері жаңа оқу жылына дайын емесТүркістан облысында жаңа оқу жылына кем дегенде бес мектеп дайын емес.

Jasalash.kz

Себебі білім ұяларында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмаған. Ал құрылыс жұмыстарын ешкім бақыламаған. Мұны басқа емес, «AMANAT» партиясының депутаттары айтып отыр.

Депутаттар облыс басшыларының жалған әрі жаттанды ақпараттарын тыңдаудан жалығыпты. Олар Төле би, Сарыағаш, Келес, Қазығұрт сияқты бірнеше аудандардағы білім ошақтарын аралап, олардың бүгінгі жәй-күйімен танысып шығыпты. Аманаттықтардың сөзіне қарағанда құрылысы жүріп жатқан мектептерді ешкім бақылап, оның сапалы жүргізілуін қадағаламайтын көрінеді.

Бір ғана дерекке тоқталайық, 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында Түркістан облысында биыл 20 білім нысанында құрылыс жұмыстары бітуі тиіс. 12 мектепте тиісті жұмыстар жүргізілген, 8 нысанда мәселе туындаған. Ал шенеуніктер құрылыстың мерзімін ұзартып беруден басқаны білмейтін сияқты. Айталық, Төле би ауданы Тағайна елдімекеніндегі 200 орындық мектеп құрылысының мерзімін атқамінерлер 2024 жылға ауыстырып берген. Бұл жоғарыдағы Жол картасында көрсетілген меженің қазірдің өзінде орындалмағанын көрсетіп отыр.

Түркістан облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Ғалымжан Алматовтың айтуынша, білім ұяларына жүргізілген мониторинг барысында көптеген кемшіліктер анықталған. Естеріңізде болса, қайбір жылы президент мектеп әжетханаларын толығымен ғимараттың ішіне ауыстыру керек деген. Алайда қазіргі уақытта облыстағы 907 мектептің 347-сінде әжетханалар сыртта орналасқан. Бұл, әрине, президент айтқан сөз далада қалды дегенді білдірсе керек. Биылғы оқу жылынан бастап Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бастауыш сынып оқушылары 100 пайыз ыстық тамақпен қамтылатын болды. Осы мақсатта бюджеттен 6 миллиард 287,7 миллион теңге қаржы бөлінген. Бірақ өңірдегі 153 мектептің асханасы жоқ. Сонда ертең  балалар тамақты қайдан ішеді? Есіл бюджет қаржысы талан-таражға түспей ме?

Ұлттық білім беру дерек қорының мәліметі бойынша өңірдегі 12 мектепте интернет жоқ. Алайда жиында Ғ.Алматов бұл деректің шындыққа сәйкес келмейтінін, шын мәнінде олардың саны 24 екендігін мәлім етті. Ал облыстық мәслихат депутаттарының айтуынша, интернетсіз отырған білім ұяларының саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Тексеру барысында бір ғана Төле би ауданындағы білім ұяларының интернет желісімен бар-жоғы 30 пайызға қамтылғаны белгілі болыпты. Сонда кімге сенеміз? Айтпақшы, жиында депутаттардың көкейіндегі көп сауалдарға облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова тұшымды жауап бере алмады.

Осы әңгіме қозғалған күннің ертесіне Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сарыағаш ауданында күрделі жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кеткен Панфилов атындағы мектепке арнайы барды. Мұнда жөндеу жұмыстары былтыр қазанда басталған. Облыс әкімі мердігер «Шаңырақ» ЖШС-інің басшысына қатаң ескерту жасап, құрылысты аяқтауға бір апта уақыт берді.

— Әліңіз келмей ме, тапсырыңыз. Осыншама уақыт созып, енді сылтаумен тойдырмақсыз. Сіз 1 300 баланы далада қалдырайын деп отырсыз. Мемлекет қаражатын алып, халықты алдап отырсыз. Шамаңыз келмесе неге аласыз? Біз үшін әр сәт қымбат. Сізге соңғы мүмкіндік беріледі, – деді әкім.

 Егер мердігер жұмысын бұл уақытта орындай алмаса, ісі сотқа беріліп, қатаң шара қолданылатын болады. Сатыбалдының ескертуінде қаншалықты салмақ барын 1 қыркүйекте білетін боламыз.

Ең қызығы, облыстың білім басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы осындай қысылтаяң кезеңде, жаңа оқу жылына дайындық жүргізетін жауапты сәтте еңбек демалысына шығып кеткен. Мұның тегін еместігі айтпаса да түсінікті. 

Жалпы, бұған дейін «Жас Алашта» жазғанымыздай, облыстық білім басқармасының басшылығына былтыр сәуірде тағайындалған Д.Болатханұлы үшін биылғы жыл сәтсіз басталды. Қаңтарда оның және орынбасарының үстінен сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген негізбен қылмыстық іс қозғалды. Маусымның басында басқарма басшысы фейсбуктегі парақшасында бұл істің жабылғанын хабарлаған. Алайда антикор Д.Болатханұлы мен оның орынбасарына қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жол бергені үшін облыс әкіміне ұсыныс жолдады (оның нақты қандай ұсыныс екендігі әлі жұмбақ). Маусымда Болатханұлы мен оның орынбасары Б.Ахметов әкімшілік сотқа шағымданып, антикордың берген ұсынысының күшін жоюды сұраған. Алайда сот оның бұл шағымын қанағаттандырусыз қалдырды. Қос шенеунік бұл төрелікпен келіспей, облыстық сотқа апелляциялық арыз берген. Қысқасы, облыстың бас ұстазының жаз бойы соттасудан қолы босамағаны байқалып тұр.  

Білім басқармасын осындай түсініксіздік, берекесіздік жайлаған соң тірлік қайдан оңсын?!

Бақытжан Әбдірашұлы
Тегтер: Без Тега