Сауд Арабиясының Ормузды айналып өтетін маңызды мұнай құбырына шабуыл жасалды
Сауд Арабиясы бірнеше шабуылдан кейін елдің шығысындағы мұнай кен орындарын Қызыл теңіз жағалауымен байланыстыратын East–West мұнай құбырын уақытша тоқтатты.
Шабуылдан зардап шеккендер бар, деп хабарлайды CNN.
Сауд Арабиясы Энергетика министрлігінің мәліметінше, 10 қыркүйекте құбыр жүйесіне Эр-Рияд пен Медина аудандарында бірнеше рет шабуыл жасалған. Қауіпсіздік мақсатында мұнай тасымалы тоқтатылып, мамандар нысандардың жағдайын тексеруге кірісті.
Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл кезінде құбыр бойындағы сорғы станциялары зақымданған. Сауд Арабиясының Сыртқы істер министрлігі дрондардың Ирак аумағынан ұшырылғанын мәлімдеді. Алайда шабуылды нақты кім ұйымдастырғаны әзірге жарияланған жоқ.
Ормузды айналып өтетін негізгі бағыт
East–West немесе Petroline құбыры Сауд Арабиясының шығысындағы мұнайлы аймақтарды Қызыл теңіздегі Янбу портымен байланыстырады. Оның басты маңызы – мұнайды Ормуз бұғазына кірмей-ақ экспорттауға мүмкіндік беруінде.
Модернизациядан кейін құбыр тәулігіне шамамен 7 млн баррель мұнай тасымалдай алады. Қазіргі Таяу Шығыстағы дағдарыс кезінде оның маңызы одан әрі артқан. Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысы шектелгендіктен, Сауд Арабиясы East–West арқылы тәулігіне шамамен 5 млн баррель мұнайды Янбуға бағыттап отырған.
Reuters мәліметінше, спутниктік суреттер құбыр бойындағы нысандардың маңынан түтін көтерілгенін көрсеткен. Алайда құбырдың өзі қаншалықты зақымданғаны және оның жұмысы қашан толық қалпына келетіні әзірге белгісіз.