Шолу

Сайлау науқаны: партия қайда болса, Құрылтай сонда

Биыл 1 шілдеде 1995 жылы 30 тамыздан бері қолданыста болған ҚР Конституциясы қызметін тоқтатып, 2026 жылы 15 наурызда референдум арқылы қабылданған су жаңа Ата заң күшіне енеді. Соған орай саясат сахнасында біршама өзгеріс болғалы тұр. Соның алғашқысы – жаңа Парламент сайлауы. Бірақ енді елдегі басты заң шығарушы орган Парламент емес, Құрылтай деп аталады.

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы

Жаңа Конституция бойынша қазіргі Парламент өкілеттігін 2026 жылы 1 шілдеде тоқтатады. Жаңа Ата заң күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде президент Құрылтай сайлауын жариялап, сайлау екі ай ішінде өтуі қажет. Ал қыркүйекте алғашқы шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылады. Алғашқы сессия ашылған сәттен бастап екі ай ішінде ел президенті Құрылтайдың келісімімен вице-президентті тағайындайды. Одан кейін дәл осы мерзім ішінде Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатаның төрағалары мен мүшелері тағайындалады. Ал Жоғарғы сот төрағасын, Ұлттық банк төрағасын, Бас прокурорды, ҰҚК төрағасын, Жоғарғы сот кеңесінің төрағасын және Адам құқықтары жөніндегі уәкілді Конституция күшіне енген күннен бастап екі ай ішінде тағайындау қажет.

Демек, 1 шілдеден бастап қарашаға дейін елде саяси науқан қызу жүрейін деп тұр. Құрылтай сайлауынан бөлек, вице-президент бастаған ірі лауазым иелерін тағайындау жұмысы қоғамда қызу талқыға түсері анық. Бірақ біздің елде саяси өзгерістер «қосылғыштардың орны ауысқанмен, қосынды өзгермейді» формуласымен жүретіні жасырын емес. Демек жоғарыда аталған лауазымдарға жаңа есімдердің келе қоюы екіталай. Әдеттегідей, биліктің тар дәлізінде жүрген таныс тұлғалар бірінің креслосына бірі жайғасып, жұмысын жалғастыра беруі мүмкін.

Тіпті 145 депутаттан тұратын бірпалаталы су жаңа Парламенттің өзіне жаңа партиялар мен жаңа адамдардың өтеріне сенім аз. Қазіргі екі палаталы Парламентте 148 депутат бар (98-і – Мәжілісте, 50-і – Сенатта). Мәжілісте 6 партияның өкілдері отыр. Демек Құрылтайға баратын басты фавориттер – осы 6 партия мен 148 «халық қалаулысы». Әрине, бәріне бірдей мандат бұйырмас, бірақ билік алдындағы «сенім кредитін» тауыса қоймағандары орнын сақтап қалары анық.

Тамызға тамызық

Көпшілік бұған дейін жаңа Конституцияның 95-бабына қарап, Құрылтай сайлауы шамамен тамыз айында өтетінін болжаған. Жақында сол болжам расқа айналды. 10 сәуір күні Астанада ғалымдарды марапаттау рәсіміне қатысқан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау өтетін уақытты атады.

«Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бірпалаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек. Осылайша, партиялардың сайлаушылармен тиісті жұмыс жүргізуіне бес айға жуық уақыт беріледі», – деді Тоқаев.

Бұл сайлау науқаны басталғанын білдіреді. Енді былайғы күндері бар-жоғы білінбейтін саяси партиялар ұйқысынан шошып оянғандай белсенділік танытып, үгіт-насихат жұмысына кіріседі. Бірінен-бірі өтіп, сайлауалды бағдарламасын ұсынады, түрлі уәделер береді. Бірақ халық партиялардың ұсынған бағдарламасы мен берген уәдесіне сене қояр ма екен? Олар сайлауға дейін сайрағанымен, сайлаудан кейін тілі байланатынын елдің бәрі біледі. Тіпті біздің елде партияларды «саяси күш» деп айтудың өзі қиын. Керісінше, саяси партия заңда белгіленген тәртіппен Мәжіліс пен Мәслихатқа өту үшін ғана қажет сияқты көрінеді.

Заңда белгіленген тәртіп дегеннен шығады, жаңа Конституцияға сай Құрылтай депутаттары тек партиялық тізім бойынша сайланады. 2023 жылы ұзақ үзілістен кейін мажоритарлы жүйе бойынша сайлау тәртібі қайта оралып, 29 мәжілісмен бірмандатты округтер арқылы сайланған еді. Сол кезде биліктің маңындағылар мұны үлкен демократиялық қадам деп бағалаған. Бірақ арада 3 жыл өтпей, шенділердің ойы қайта өзгеріп қалды. Саясаттанушы Қазбек Бейсебаев билік мажоритарлы жүйе арқылы сайланған депутаттардың белсенділігінен тіксініп қалды деп санайды.

«Қазір Мәжілісте кімдер белсенді? Қай депутаттардың үні естіледі? Негізінен бір мандатты округтен барған мәжілісмендер мәселе көтеріп, сауал жолдап жүр. Басқалары әдеттегідей үнсіз отырады. Менің ойымша, билік әу баста бір мандатты сайлауға ішінара рұқсат бергенімен, кейін сәл іш тартып қалды. Парламентте бұл жүйемен сайланған депутаттар көбейсе, олардың үні алысқа жетіп, билікке қиындық туғызуы мүмкін», – дейді сарапшы.

Көпшілік Құрылтай мүшелерін партиялық тізіммен сайлау саяси партияға мүше емес миллиондаған адамның сайлану құқығын шектеу деп санайды. Қазақстанда қандай партия тіркелетінін, қандай партия тіркеле алмайтынын екінің бірі біледі. Мысалы, елде партия құруға ниет білдіріп, рұқсат ала алмай жүрген белсенділер аз емес. Сондай-ақ сарапшылар ресми тіркеуден өткен партиялардың шынайы саяси күш екеніне сенбейді. Демек су жаңа Құрылтай биліктің батасын алған жасанды партиялардан немесе «Аманат» сияқты жалғыз алпауыт партиядан жасақталатын болса, бұрынғы жүйеден еш айырмашылығы болмасы анық. Мұны бір деңіз.

Екіншіден, пропорционалды жүйе арқылы сайлау Құрылтайдың халық алдындағы легитимділігін төмендетеді. Өйткені халық жеке кандидатқа емес, тұтас партияға дауыс береді. Билікшіл партияның құрамында халыққа ұнаған бірер кандидат болған күннің өзінде оның Парламентке бару-бармауы белгісіз дүние. Мандат ұтқан партияның тізімі сайлаушылардың талабына емес, партия басшылығының көңіл күйіне тәуелді. Яғни кім депутат болатынын сайлаушы емес, партия төрағасы шешеді. Партия басшылары тіпті Парламент мінберінде отырған депутатты да мандатынан айыра алады. Мысалы, 2025 жылдың басында ҚХП фракциясы мүшесі Гауһар Танашева партия төрағасы Ермұхамет Ертісбаевтың тапсырмасына орай ротация деген желеумен Мәжілістен кеткен болатын. Кейін мұны Танашеваның өзі растап, сұхбат берді. Демек депутаттарды партияға байлап қою – демократияға бастайтын жол емес.

«Құрылтайды партиялық тізім бойынша жасақтау дұрыс емес. Біздің елде көппартиялық жүйе қалыптаспаған, классикалық партиялар жоқ. Мысалы, Мәжілісте отырған кейбір партияның 3 жылдан бері халыққа пайдалы жұмыс істегенін көрдіңіздер ме? Оның бәрі Қазақстанда көппартиялы жүйе бар дегенді дәлелдеу үшін ғана құрылған ұйымдар деп санаймын. Сондықтан Парламентті партиялық тізім арқылы жасақтау үшін алдымен елде көппартиялық жүйені қалыптастыру қажет. Содан кейін ғана пропорционалды жүйе арқылы сайлауға келсек, жөн болады. 2023 жылы депутаттардың 30 пайызы бір мандатты жүйе арқылы сайланды. Бірақ кейін билік Парламентте ашық көзқарастағы адамдар көбейіп кете ме деп қауіптеніп қалды. Сол үшін одан қайта бас тартып отыр деп есептеймін», – дейді саясаттанушы Дос Көшім.

Жаңа партия құрыла ма?

Қазір Парламентте алты партия отыр. Ел тарихында ешқашан мұнша партия Мәжілістен мандат алған емес. Бірақ сарапшылар елде көппартиялық жүйе қалыптасты дегенге сенбейді. Өйткені оның бәрі билікке бөтендігі жоқ, тым «тәртіпті» партиялар екені белгілі. Олардың арасында шынайы оппозициялық партия барына сенім аз. Мысалы, «Ақ жол» партиясы өздерін парламенттік оппозициямыз деп санайды. Бірақ «оппозициялық» партияның төрағасы қарсылас партияның басшысы президенттіктен кеткенде қалай қайғырып, көзіне жас алғанын ешкім ұмытқан жоқ.

Қазақстанда бірпалаталы Парламент құрылатыны 2025 жылы 8 қыркүйекте белгілі болған. Халыққа арналған жолдауында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бірпалаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады», – деген еді. Сол кезде сарапшылар елде партиялар саны көбейіп, оның көбі Парламентке өтуі мүмкін екенін болжаған.

Бірақ қазірге дейін жаңа партия құрыла қойған жоқ. Қазір елде ресми тіркелген 7 партия ғана бар. Құрылтай сайлауына небәрі 5 ай қалғанын ескерсек, енді жаңа саяси ұйым тіркеліп, сайлауға қатысып, мандат ұтарына сенім аз. Бірақ біздің елде бәрі мүмкін екенін естен шығармаған жөн.

Мысалы, Мәжілісте алты мүшесі депутат болып отырған Respublica деген партия бар. Қазақстанда саяси партия тіркеу өте қиын, бірақ Respublica үшін бәрі оңайға соқты. 2022 жылы тамызда құрылды, 2023 жылы қаңтарда тіркеуден өтті, наурызда Мәжіліс сайлауына қатысып, 5 пайыздық барьерді бағындыра алды. Осыны ескерсек, алдағы 5 айда әлдебір ғажайыптың күшімен жаңа партиялар құрылып, сайлауға түсіп жатса, таңғалмаңыз.

2022 жылы Қазақстанда партия тіркеу ережесі өзгерді, бұрын 20 мың қол жинау керек болса, қазір 5 мың адам жеткілікті. Осыған қарап, партия тіркеу жеңілдеп кеткен екен десеңіз, қатты қателесесіз. Жаңа ереже енгеннен бері екі-ақ партия – жоғарыда біз атаған Respublica мен «Байтақ» қана ресми тіркелген. Әділет министрлігінің мәліметінше, кейінгі жылдары партия тіркеуге оннан аса өтініш түскен. Оның екеуі ғана тіркелгенін айттық. Сарапшылар «ел билігі шынайы саяси бәсекеге дайын емес, сол үшін партияларға тосқауыл қояды» деп санайды.

Қазақстанда 2012 жылдан 2023 жылға дейін «Нұр Отан» (қазіргі «Аманат»), «Ақ жол» және ҚКХП партиясы ғана Парламентке өте алды. Ал 2007 жылғы сайлауда жалғыз «Нұр Отан» жеңіске жетіп, Мәжілістегі 98 мандат түгел осы саяси ұйымға бұйырған болатын. Ал Қаңтар оқиғасынан кейін өткен 2023 жылғы сайлауға 7 партия қатысып, алтауы 5 пайыздық барьерді бағындыра алды. Бірақ көпшілік бұлардың кейбірі «Аманаттың» шашбауын көтеру үшін жүр деп санайды. Ең қызығы, Мәжілісте отырған екі партияның (ҚХП мен «Ақ жол») төрағасы «Нұр Отанның» бұрынғы мүшесі.

VIII шақырылым

2023 жылы алты партия Мәжіліске өткенін айттық. Атап айтқанда, «Аманат» – 40, «Ауыл» – 8, «Ақ жол» – 6, Respublica – 6, «Қазақстан халық партиясы» – 5, ЖСДП – 4 мандат алды. Бірақ түптеп келгенде, «Аманаттың» 62 мүшесі депутат атанды. Партиялық тізім бойынша 40 мандат бұйырған, оған қоса бір мандатты округтерден сайланған 29 депутаттың 22-сі тағы «Аманат» мүшесі болып шықты. Сөйтіп партия мәжілістегі 98 орынның 63 пайызын иемденіп, заң шығарушы органдағы үстемдікке жеке-дара ие болды. Бұл жағдай партия алғаш құрылған сәттен (1999 жыл) бері жалғасып келеді.

Айтпақшы, осыған дейін сайланған 8 Мәжілістің өкілеттігін соңына дейін атқарған кезі аз. Үнемі мерзімінен бұрын тарап кетеді. Бұл дәстүр бұл жолы да жалғасты. 2023 жылы сайланған депутаттар 2028 жылға дейін жұмыс істеуі қажет еді. Бірақ биліктің жедел жоспарына байланысты, бірнеше айда Парламенттік реформа жасалып, бір аптада Конституция жазылды, енді 5 айда Парламент сайлауы өтпек. VIII шақырылым депутаттары небәрі 3 жыл қызмет атқарып, жылы креслосымен қоштасқалы отыр.

Сегізінші мәрте сайланған Мәжілістің бұрынғы шақырылымдардан еш айырмасы болған жоқ. Билікке бүйрегі бұратын партиялардан құралған Парламент Үкіметті жағадан алып, бас жаққа барысқан жоқ. Өздеріне берілген рөлді тып-тыныш атқарып шықты. Бірақ бұл жолғы Парламент блогер, журналист, спортшы, айтыскерлердің көптігімен есте қалды. Олардың бірі Мәжіліс мінберінен анасын құтықтаса, екіншісі «ерлердің құқығын қорғаймын» деп күлкіге қалды. Сондай-ақ еш партия бас жарып, көз шығаратын сауал жолдаған жоқ, халықтың өмірін өзгертетін өзекті заң жобасын ұсынған жоқ. Бәрі 30 жылғы үйреншікті жолмен жүріп өтті.

Тағы бір ерекшелігі, бірнеше депутат мандатын ерте тапсырып, басқа лауазымдарға тағайындалды. Мысалы, Елнұр Бейсембаев Президент әкімшілігіне ауысса, Руслан Берденов Шымкент қаласы әкімдігінің орынбасары, Ғалымжан Елеуов Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары болды. Ал Жұлдыз Сүлейменова – Оқу-ағарту министрлігінің, Мәди Тәкиев – Қаржы министрлігінің тізгінін ұстады. Сондай-ақ сенатор Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрі атанса, Ғауез Нұрмұхамбетов Солтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалды.

Енді 2,5 айдан кейін қазіргі Парламент тарайды. Оған дейін атқаратын жұмыстары шаш етектен. Негізгі заңдардың барлығын жаңа Конституция нормаларына сәйкестендіру керек. Бірқатар Конституциялық заңдарды жедел қабылдап, бірқатар заңға өзгеріс енгізуге міндетті болады. Тіпті олар өз өкілеттігін тоқтататын заңға өздері дауыс беріп, қабылдайды.

Фото: из открытых источников

Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:

– Тамызда өтетін Құрылтай сайлауына жаңа партиялар қажет екені рас. Бірақ уақыт аз қалды. Дәл қазір жаңа партиялардың бастама көтеріп, тіркелуге ниеттеніп отырғанын көрмегендіктен, тамыздағы сайлауда жаңа партиялар болмайды деп ойлаймын. Керісінше, қазір бар кейбір партиядан күтілмеген пассивтілік байқап отырмыз. Әрине, «Аманат» партиясы өз орнын сақтап қалады деп болжаймын. Ендігі мәселе, «Аманаттан» кейін екінші ықпалды партия ретінде қайсы ұйым шығуы мүмкін? Кейінгі үш жыл көлемінде «Ақ жол», Respublica және ҚХП (бұрынғы коммунистік партия) тарапынан жүйелі үнсіздікті байқап отырмыз. Сол себепті жаңа заңнама қабылданып, сайлау толықтай партиялық тізім бойынша өткелі отырғанда партиялар өзінің идеологиялық бағытын анықтап алуы керек деп есептеймін. Себебі электораттың алдында бағыты, бағдарламасы белгісіз партиялардың болуы – Құрылтай сайлауына дауыс беруді де төмендетіп жібереді. Бұған дейінгі Парламент сайлауларында «явка» 65-70 пайыз көлемінде болатын. Енді Құрылтай сайлауына азаматтардың қаншалықты белсенді қатысуы партиялардың ұсынатын бағдарламасына, олардың шешетін мәселелеріне тікелей байланысты.

Парламенттің мазмұны, құрылымы бойынша Конституциялық өзгерістер мен қосымша заңнамалардың қабылдануынан ұққаным – аса үлкен өзгеріс болмайды. Себебі Парламент пен Сенатты қосу арқылы ребрендинг жасаған форматты көріп отырмын.

Екіншіден, олардың мазмұны бойынша осыған дейінгі Сенатта болған ерекше өкілеттіліктердің бір парасы вице-президентке, бір бөлігі Халық кеңесі саяси институтына беріледі. Сондықтан жаңа Құрылтайға байланысты мені мазалап жүрген бір сұрақ бар, енді өңірлерді репрезентация жасау міндетін кім арқалайды? Бұрын Сенатқа әр облыстан, әр қаладан екі адамнан депутат сайланатын. Енді Құрылтайда өңірлердің мүддесін кім қолдайды?

Тағы бір мәселе, 145 депутаттан тұратын жаңа Құрылтайдың жұмыс тиімділігі қандай болады? Әрине, бұдан былай бұрынғыдай Мәжіліс заңнама қабылдап, оны жоғары палатаға жібермейді, ол жағынан уақыттан ұтамыз. Бірақ Парламенттің ішіндегі фракциялардың жұмысы ол жердегі партиялардың белсенділігіне тікелей байланысты. Партияның тұғыры, партия төрағасының ықпалы, партия бағдарламасының маңыздылығы депутаттардың белсенділігін анықтайды деп есептеймін. Сондықтан осы жаз бойы саяси алаңда партиялардың белсенділігі мен олардың нақты шешетін мәселелеріне назар аударамыз.

Мысалы, қазіргі жасанды интеллектке қатысты мәселелер, Ирандағы жағдайға байланысты Қазақстанның миграция ұстанымы қалай өзгереді, жастар арасындағы жұмыссыздық, құндылықтардың өзгеруі сияқты проблемалар партия бағдарламасында қалай көрініс табатыны да электорат үшін өте маңызды.

Қуаныш Қаппас

Қуаныш Қаппас