Семейде төтенше жағдай
Семейдегі Мирный, Бобровка кенті, Пристань аймағындағы үйлер су ортасында қалып, халық қайда барып жан сақтарын білмей, бас сауғалап кетті.
Шүлбі ГЭС-інен жіберілген су 3 есе көбеюі халықты әбігерге салды. Кеше Ертістің 1,5 метр қалыңдықтағы мұзын жару үшін 3600 тонна жарылғыш зат пайдаланып, оның дүмпуі Мирный кентіндегі 1 ықшам ауданның 4 көпқабатты үйдің әйнектерін сындырды. Бірақ, жарылыстың қуаты мұзды талқандауға жеткенімен, өзен арнасының сабасына түсіп, судың төмендеуіне әсері бола қойған жоқ. Ал Бобровка кентіндегі 587 баспана көзді ашып-жұмғанша лақ етіп құйылған суға «шомылып» шыға келді. Қазір бұл аймақтың отбасылары жан-жаққа тарап кетті. Тіпті, қора-жайындағы малына қарауға мұршалары келген жоқ. Ал Затон аумағында 75 үйдің су астында қалғаны белгілі болып отыр.Қауіпсіз жерге көшірілген тұрғындардың алдында мұндай әрекетке мәжбүрліктен барғанын айтып ақталған қала әкімі Ермак СӘЛІМОВ сынған әйнектерін қалпына келтіруге уәде беріп, зардап шеккен баспаналардың шығынын есептеуге арнайы комиссия баратынын айтып, тұрғындарды сабырға шақырып шыр-пыры шықты. Тіпті, барлық жауапкершілікті өз мойнына алғандығын да жасырған жоқ. Ал кеше кешкісін Е. Сәлімов кешігіп барып жергілікті деңгейде төтенше жағдай жариялауға мәжбүр болды.
Сәтжан Қасымжанұлы, Семей қаласы