«Семей орманы» аумағында тағы өрт шықты
Қазақстанда орман өрттерінің қаупі әлі де сейілер емес. 2026 жылғы 20 шілдедегі жағдай бойынша ел аумағындағы «Семей орманы», «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваттары мен «Баянауыл» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында жалпы саны 19 орман өрті тіркелген.
Соңғы өрт ошақтары 20 шілде күні сағат 14:22-де «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының Семей филиалына қарасты Пригородное орманшылығының 55 және 65-орамдарында анықталды.
Өрт туралы хабарлама түскен бойда мамандар оқиға орнына жедел жетіп, тілсіз жауды оқшаулау және сөндіру жұмыстарына кірісті. Қазіргі уақытта өрттің таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр.
Өртті сөндіруге «Қазавиаорманқорғау» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының бір тікұшағы, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының алты автоцистернасы, үш тракторы мен 20 орман қызметкері, сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігінің алты техникасы мен 17 қызметкері жұмылдырылған. Бұдан бөлек, қосымша күш ретінде «Қазавиаорманқорғау» кәсіпорнының Ми-8 тікұшағы тартылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, әрбір өрт ошағының аумағы шамамен екі гектарды құрайды. Өрт қарағайлы орман алқабында тіркеліп, төменгі өрт болғанымен, қарқындылығы жоғары екені айтылды.
Мамандардың алдын ала болжамынша, өрттің шығуына найзағай разряды себеп болған.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі өрттің таралуына жол бермеу үшін қажетті күштер мен техниканың толық көлемде жұмылдырылғанын мәлімдеді. Ведомство жағдай тұрақты бақылауда екенін хабарлады.