Әлеумет

«Семей орманындағы» өрт: балалар лагерінен 190 бала эвакуацияланды

Абай облысында болған табиғи өрт кезінде полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын орналасқан «DosbolLike»балалар лагерінен 190 баланы және 20 қызметкерді дер кезінде қауіпсіз жерге эвакуациялады.

Фото: полиция

Өрт туралы хабарлама түскен бойда полицейлер лагерьге жедел жетіп, эвакуация жұмыстарын ұйымдастырған. Балалар арасында дүрбелең туғызбау үшін оларды сабырлы әрі ретімен сыртқа шығарған. Ең кішкентай бүлдіршіндерді қызметкерлер көтеріп алып шығып, қауіпсіз аймаққа дейін жеткізген.

Қазіргі уақытта полиция күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Қауіпті аумақ қоршауға алынып, өрт ошағына апаратын жолдар уақытша жабылған. Сондай-ақ арнайы техниканың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етіліп, қоғамдық тәртіп пен эвакуацияланған тұрғындардың мүлкін күзету шаралары қолға алынған.

Өрт салдарын жою жұмыстары Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі және өзге де мемлекеттік қызметтердің қатысуымен тәулік бойы жалғасып жатыр.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі тұрғындарды құтқару қызметтерінің талаптарын қатаң сақтауға, қауіпті аймаққа жақындамауға және арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырды.

Сайт Әкімшілігі