Әлеумет

Семейде 19 жастағы студент қыз қаза тапты

Семейде 19 жастағы студент Дильяра Сәлімбаева кісі қолынан қаза тапты. Марқұмның туыстары қыздың жігіттен бас тартқаны үшін өлтірілгенін және қылмысқа бірнеше адам қатысуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Фото: Коллаж / ЖИ

 

 Полиция 24 жастағы күдіктіні ұстады, алайда туыстары айтқан нұсқа әзірге ресми расталған жоқ. 

Қанды оқиға 21 қыркүйекте Семейдің шетіндегі Водный кентінде, тұрғын үйлердің маңында болған. Куәгерлер алдымен қыздың айғайын естіген. Кейін тұрғындар Дильяраны қансырап жатқан жерінен тауып, жедел жәрдем шақырған. Оқиға орнына екі медициналық бригада жеткенімен, бойжеткеннің өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Алдын ала медициналық мәлімет бойынша, оның мойын тұсына пышақ жарақаттары түскен. 

Полиция адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғаған. 24 жастағы жергілікті тұрғын ізін суытпай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

23 қыркүйекте Абай облысының полициясы тергеудің алдын ала мәліметін жариялады. Ведомствоның хабарлауынша, күдікті мен марқұм бұрыннан таныс болған және олардың арасында қызғаныштан жанжал шыққан. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жүріп жатыр. 

Туыстары басқа нұсқаны айтып отыр

Дильяраның туыстары әлеуметтік желіде қылмысқа қатысты өз нұсқасын жариялады. Марқұмның әпкесінің сөзінше, 19 жастағы қыз жігіттің ұсынысынан бас тартқаннан кейін өлтірілген.

Фото: скриншот

Туыстары бұдан бөлек, бұл жай жанжал емес, алдын ала жоспарланған және бірнеше адам қатысқан қылмыс болуы мүмкін деп мәлімдеген. Сондай-ақ отбасыға оқиғаны жария етпей, үндемеу жөнінде өтініш айтылып жатқанын жазған. 

Алайда бұл мәлімдемелерді полиция әзірге растаған жоқ. Ресми ақпарат бойынша, қазір бір күдікті ұсталған. Қылмысқа басқа адамдардың қатысы бар-жоғы жөнінде де ресми қорытынды жарияланбады. Сондықтан туыстар айтқан «топ болып, алдын ала жоспарланған кісі өлтіру» нұсқасы әзірге тергеумен дәлелденген факт емес. 

Қаза болған күні сабаққа барған

Дильяра Семейдегі «Қайнар» колледжінің үшінші курсында «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы бойынша білім алған. Колледж өкілдерінің айтуынша, ол сабағын жақсы оқып, тәртібімен ерекшеленген. Оның суреті оқу орнының Құрмет тақтасына да ілінген.

Қайғылы оқиға болған 21 қыркүйек күні таңертең Дильяра сабаққа қатысқан. Қыз Семейде нағашы апасының қолында тұрған, ал ата-анасы қаралы хабардан кейін Көкпекті ауылынан келген. Марқұмның денесі Көкпекті ауданында жерленеді. 

Қазір полиция тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. Күдікті мен марқұм арасындағы қарым-қатынас, қылмыстың нақты мотиві және оған өзге адамдардың қатысы болды ма деген сұрақтарға тергеу барысында жауап берілуі тиіс.

Сайт Әкімшілігі