Әлеумет

Семейде бұрынғы әйелін бейсбол таяғымен ұрып өлтірген ер адамға сот үкімі шықты

Семейде бұрынғы әйелін өлтірген 51 жастағы ер адам 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Фото: ЖИ

Қайғылы оқиға сәуір айында болған. Тергеу мәліметінше, мас күйдегі ер адам қызғаныштан бұрынғы әйеліне өзі тұрып жатқан үйдің ауласында шабуыл жасаған. Ол әйелді бейсбол таяғымен 27 рет ұрып, ауыр жарақат салған. Әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.

Марқұмның туыстарының айтуынша, ер адам әйелін бірнеше жыл бойы қорлап, оған күш көрсеткен. Ерлі-зайыптылар ажырасқаннан кейін де қызғаныштан жанжал шығарып, бұрынғы әйелін мазалауын жалғастырған.

Қайғылы жағдайдан кейін марқұмның артында кәмелетке толмаған екі баласы қалды.

Сот барысында сотталушы өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін айтты. Сот үкімімен ол 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар сот ер адамды марқұмның ағасына моральдық зиян үшін 10 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеуге міндеттеді.

Марқұмның туыстары сот шешімімен келісетінін мәлімдеді. Енді отбасы балалардың қамқорлығына қатысты мәселелерді шешуге кіріспек.

Сайт Әкімшілігі