Семейде құрылыс алаңында болған жазатайым оқиға салдарынан 20 жастағы жігіт қолынан айрылды
Жас жұмысшының қолы арнайы құрылғыға қысылып, салдарынан ол оң қолынан айрылған. Дәрігерлер оның қолын шынтақтан төмен ампутациялауға мәжбүр болған.
Қазір науқастың жағдайы тұрақты, жансақтау бөлімінен шығарылған, алайда алда ұзақ ем мен оңалту кезеңі күтіп тұр.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жігіт құрылыс нысанында ресми түрде тіркелмей жұмыс істеген. Жұмыс беруші тарапынан қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту жүргізілмеген және тиісті нұсқаулық берілмеген.
Жәбірленушінің жұбайы әлеуметтік желіде үндеу жасап, кінәлілердің жауапкершіліктен жалтармауын талап етті.
Аталған факт бойынша Абай облысының еңбек инспекциясы тексеріс жүргізіп жатыр. Арнайы комиссия құрылып, 10 жұмыс күні ішінде мән-жайды анықтау жоспарланған. Тергеу нәтижелері кейін құқық қорғау органдарына жолданады.