Қоғам

Семейде жаңа туған сәбиді қоқыс жәшігіне тастаған полиция қызметкері өмір бойына сотталды

Семейде жаңа туған нәрестенің өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша сот үкімі шықты.

Фото: ашық дереккөз

Бұрын полицияда қызмет еткен ер адам кәмелетке толмаған баланы өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

Іс материалдарына сәйкес, ақпан айының басында қоқыс контейнерінен жаңа туған сәбидің мәйіті табылған.

Тергеу мәліметінше, 20 жастағы полиция қызметкері жүктілігін жасырған және үйінде босанған. Кейін нәрестені полицияда жұмыс істеген жігітіне берген. Ер адам баланы көлікпен алып кетіп, қоқыс контейнеріне тастап кеткен.

Сараптама нәтижесінде нәрестенің тірі туғаны, алайда біраз уақыттан кейін тоңып қайтыс болғаны анықталған.

2000 жылы туған ер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Сот оны төтенше қауіпсіздік мекемесінде өмір бойына бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Сонымен қатар ол полицияның аға лейтенанты арнайы атағынан айырылды.

Ал сәбидің анасы Қылмыстық кодекстің 100-бабы – "Жаңа туған баласын анасының өлтіруі" бойынша сотталды. Оған екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Алайда жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты жарияланған рақымшылық аясында ол жазадан босатылды. Әйел полицияның кіші сержанты атағынан да айырылды.

Сотталушылардың екеуі де кінәсін мойындамаған. Дегенмен сот жиналған дәлелдерді айыптау үкімін шығаруға жеткілікті деп таныды.

Сайт Әкімшілігі