Әлеумет

Семейдегі әскери зауыт 70,8 млрд теңгеге сатылмақ

Семейдегі әскери зауыт 70,8 млрд теңгеге сатылмақ

Фото ашық дереккөз

"Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы Семейдегі әскери техниканы жөндеп, жаңғыртумен айналысатын "Семей инжиниринг" зауытын сатылымға шығарды. Кеңес Одағы кезінде құрылған кәсіпорынның бастапқы бағасы 70,8 млрд теңге болып белгіленген. Алайда зауытты сатып алатын инвестор оның қарызын да өтеуге тиіс.

Зауыт қаншаға сатылмақ?

e-Qazyna электронды сауда платформасында "Семей инжинирингтің" жарғылық капиталының 100 пайызы, яғни 2 608 500 жай акциясы аукционға қойылған. Бастапқы бағасы – 70 833 105 629 теңге.


Кәсіпорынның нарықтық құнын 2026 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша "Эрнст энд Янг – консультациялық қызметтер" компаниясы бағалаған. Аукцион 27 қарашада өтеді. Сауда бастапқы бағаны көтеру тәсілімен ұйымдастырылады. Қатысушылар 10,625 млрд теңге кепілдік жарна төлеуі керек. Өтінім қабылдау сағат 10:55–те аяқталып, аукцион 11:00–де басталады.

Кәсіпорынды сатып алған инвестор бірқатар талапты орындауға міндетті. Атап айтқанда, зауыттың негізгі өндірістік бағытын өзгертуге, қызметкерлер санын қысқартуға және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыстың орындалуына кедергі келтіруге болмайды. Сондай-ақ азаматтық мақсаттағы өнім өндірісін жалғастырып, жаңа технологияларды енгізу талап етіледі. Қазір кәсіпорында орта есеппен 349 адам жұмыс істейді.

Бұдан бөлек, жаңа меншік иесі зауыттың "Қазақстан инжиниринг" алдындағы 2014 жылғы дивидендтер бойынша берешегін өтеуді қамтамасыз етуі тиіс. 2026 жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша қарыз көлемі 2,87 млрд теңгеге жеткен.

Осылайша, зауыттың бастапқы құны мен берешегін қосқанда, инвестор кемінде 73,7 млрд теңге жұмсауы мүмкін. Бұл есепке өндірісті дамытуға қажет қосымша инвестициялар кірмейді.



Сауда талаптарына сәйкес, сатып алушы алғашқы бір жыл ішінде акцияларды қайта сата алмайды. Сондай-ақ оларды кепілге қоюға немесе басқа тұлғаның басқаруына беруге құқығы жоқ.

Кеңес Одағынан қалған өндіріс орны

"Семей инжинирингтің" тарихы 1976 жылғы 2 шілдеден басталады. Сол кезде Кеңес Одағы Семейде Орта Азия әскери округінің қажеттілігіне арналған броньды техникаларды жөндеу орталығын құру туралы шешім қабылдаған. Алғашқы геологиялық зерттеу жұмыстарын Воронежден келген әскери мамандар жүргізген.

Зауыттың құрылысы 1984 жылғы 30 қаңтарда КСРО Қарулы күштері Бас штабының директивасы негізінде басталды. Ал алғашқы өндірістік кешен 1987 жылдың қыркүйегінде іске қосылды. Жалпы аумағы 17,4 гектар болатын кәсіпорында бастапқыда шамамен 1500 адам еңбек еткен.

Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін зауыт Қазақстан Қорғаныс министрлігінің қарамағына өтті. 2004 жылы оның мемлекеттік акциялар пакеті "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясына берілді. Биыл кәсіпорынның құрылғанына 50 жыл толды.

Зауыт қандай техника жөндейді?

"Семей инжинирингтің" негізгі қызметі – Қазақстанның күштік құрылымдары пайдаланатын әскери техниканы күрделі жөндеу және жаңғырту.

Кәсіпорында бронетранспортерлер мен жаяу әскердің жауынгерлік машиналары жөнделеді, Т-72 танктері жаңартылады. Сонымен қатар әскери автомобильдер мен инженерлік техника қалпына келтіріліп, арнайы жөндеу-эвакуациялық машиналар шығарылады.

Зауыт азаматтық мақсаттағы техника өндірумен де айналысады. Атап айтқанда, әскери есептен шығарылған көліктерді шаруашылыққа қажетті арнайы техникаға бейімдейді. Кәсіпорынның басты артықшылығы – броньды техниканы күрделі жөндеудің толық өндірістік циклін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін материалдық-техникалық базасы.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: зауыт