Сен құрметте оны!
Кейде, кей орталарда «Тәуелсіздік бізге қантөгіссізкелді. Содан болар, оның қадірін сезіне бермейміз» деген іспетті әңгімені естіп қаламыз.
Бір қарасаң, шүбәсіз шындық. Иә, бір қарасаң ғана… Бірақ бұлың-бұлың өткен күнніңбұлғақтарын қайда қоямыз? Бостан болу үшін боздақтардың төгілген қанын қайда жасырамыз?!.
Тәуелсіздіккөктен түскен тосын сый емес еді ғой… қадірсіз болатын. Өткен күннің өзегіне үңілер болсақ,бостан болу үшін атам қазақтың талай тар жол, тайғақ кешуден өткенін көреміз. Керей мен Жәнібек Әбілқайыр ханнан ірге бөліп, өз алдына Қазақ хандығын құрғаннан бері Қазақ елі дербестігін,бостан ұлт екендігін сақтап қалу үшін қаншама айқасты бастан өткерді. Қаншама боздақ Алаш баласына тиесілі тоқымдай жерді өзгеге бермеу үшін құрбан болды. Жеңді, жеңілді, қырылды. Еңкейді, қайтадан еңсесін түзеді. Соқтықпалы, соқпақты жолдан өтті. Бірақ елдігін сақтап қалды.
Қазақ халқы үшін ең бірқанқұйлы, ауыр кезең кеңестікимперияның құрамында болған тұс еді. ХХ ғасыр қазақ үшін қатыгез ғасыр болды. Жетпісжылдың үстінде өмір сүрген қызыл империя қазақты баудай түсірді. Мәселен, большевиктік-кеңестік империя енді құрылып жатқан 1917-19 жылдары Түркістан жұртының 30 пайызы қырылды. Ал 1921-22 жылдардағы аштықта 1,5 миллион қазақ шейіт болды. Одан кейінгі 1928-30 жылдары жүргізілген байларды тәркілеу, ұжымдастыру кезінде талай қазақ баласы жер аударылды, өзге елге босты. 1931-32 жылдардағы аштық 3 миллионға жуық қазақты баудай түсірді. 1 миллионға жуығы өзге елдерге сабылды. 1937-38 жылдары жүргізілгенсаяси қуғын-сүргінде 100 мыңның үстінде адам қамалып, 25 мыңы атылды. Атылғандардың дені исі қазақтыңбеткеұстар, көшбастаушы, ағартушы, ұлттың көсемі болуға лайық Алаштың ардаұлдары еді.
Екінші дүниежүзілік соғыста тағы да жарты миллион боздағымыз көз жұмды. Соғыстан кейінгі 50-жылдары да қазақ зиялыларын қуғындау, қамау тоқтаған жоқ. Шынтуайтына келгенде, бұл қуғын-сүргіндердің, қолдан ұйымдастырылған аштықтардың астарында қазақ жұртын жою, іргелі мемлекет қылмаудың пасық саясаты жатты. Көзі ашық, елді соңынан ертер арыстарын құртсақ, қалған тобыр бас көтермес, құлақкесті құлымыз болады деген арам пиғыл тұрды. Бұдан тыс, халқымызды улап, қырып салу үшін жерімізге ондаған әскерисынақ полигондарын ашты. Бір ғана Семей полигонында 500-ге тарта ядролық сынақ жасалды. Миллиондаған адамауру жамады. Оның зардабын әлі тартып жатырмыз.
1954-60 жылдардағы тың көтерукезінде елімізде 25 млн гектар жер жыртылды. Шөбі шүйгін, шұрайлы жерлердің «ішек-қарны» ақтарылды. Сол жыртылған жердің 9 млн гектары эрозияға ұшырап, жарамсыз болып қалды. Ең сорақысы – тың көтеру дегенжелеумен қазақ жеріне сырттан 2 миллион адам әкелінді. 700қазақ мектебі жабылды. Оның орнына орыс мектептері ашылды. Орыстандыру саясаты жүрді. Ежелгі жер-су, елді мекенаттары орысша атауға көшірілді. Осындай сұрқия саясаттың кесірінен 1959 жылы қазақ өз жерінде 30 пайыздан аспай қалды. Ең сұмдық көрсеткіш – осы.
Әрине, Алаш баласы осының бәріне төзіп, үнсіз жатты десек, қателескеніміз. Отызыншы жылдары 300-ден астамкөтеріліс болды. Бұл бұлғақтардың бәрінің мақсаты еркіндікті аңсау еді. Теміртаудағы дүрбелең, әсіресе қазақжерінен ойып тұрып жер бөліп, неміс автономиялық облысын құру жөніндегі әміршіл-әкімшіл жүйеге қарсы 1979 жылы жазда Целиноград (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласындағы бас көтерудің, одан кейінгі 1986 жылдың ызғарлы желтоқсанындағы Алматыдағы көтерілістің түпкі мақсаты исі қазақтың өз жерінің тұтастығын сақтай отырып, азат, дербес қазақ мемлекетін құру еді.
Демек, Алаш жұрты бүгінгі тәуелсіздікке жету үшін, арысын айтпай-ақ қоялық, берісі кеңестік қызыл империяның 70 жылдық үстемдік құру кезінде қаншама құқайкөргеніне қарамастан, азаттық жолында күресін еш тоқтатпады десек болады. Осы бір кеңестік дәуір тұсында қазақтың бестен үші опат болса да, елдігін сақтап қалды. Міне, тәуелсіздіктің құны. Демек, қайсыбіреулер айтып жүргендей, Қазақ елінетәуелсіздік көктен түскен тегін сый емес. Үлкен күрестің, миллиондаған құрбандықтың арқасында келді.Сондықтан оны көздің қарашығындай сақтау, құрметтеу – бүгінгі біз бен сіздің һәм келер ұрпақтың міндеті.
Күлтегін БЕК,
«Жас Алаш»