Қоғам

Сенат арнайы мемлекеттік органдар қызметіне қатысты заңды мақұлдады

Сенат арнайы мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіруге бағытталған заңнамалық түзетулерді қабылдады. Құжат қызмет өткеру тәртібін жетілдіруді, қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейтуді және ведомстволардың жұмыс тиімділігін арттыруды көздейді.

Фото: Сенат

Заңға сәйкес, әскери қызметшілер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, азаматтық қорғау органдары мен мемлекеттік фельдъегерлік қызмет өкілдері үшін зейнетақы төлемдерін алу шарттары нақтыланды. Енді кемінде 25 жыл еңбек өтілі бар және қызметтегі жас шегіне жетуіне байланысты жұмыстан босатылған қызметкерлердің зейнетақы алу құқығы сақталады. Сондай-ақ күштік құрылымдар арасындағы кадрлық ауысу тәртібі жеңілдетіледі.

Құқық қорғау органдарының қызметкерлері арнайы мемлекеттік органдарға немесе Қарулы күштер қатарына қызмет өтілін үзбей ауыса алады. Бұл мүмкіндік кері бағытта да қолданылады. Шетелдегі арнайы мемлекеттік орган қызметкерлеріне берілетін әлеуметтік кепілдіктер де кеңейтілді. Енді олар дипломатиялық қызметкерлермен тең жағдайларда әлеуметтік және медициналық қамтамасыз ету жүйесіне қол жеткізеді. Бұл жеңілдіктер олардың отбасы мүшелеріне де қатысты болады. Заң Мемлекеттік күзет қызметінің өкілеттіктерін нақтылайды.

Ведомствоға мемлекеттік органдардың мүлкін пайдалану, жауынгерлік техникалармен қатар өзге де техникалық құралдарды қолдану және қызметтік жануарларды тарту құқығы беріледі. Түзетулер терроризм мен экстремизмге қарсы іс-қимыл шараларын да қамтиды.

Атап айтқанда, террористік және экстремистік материалдарды сақтауға тыйым салынып, мемлекеттік органдардың осы саладағы өкілеттіктері нақтыланды. Мемлекеттік құпияларды қорғау бағытында да өзгерістер енгізілді. Қорғау деңгейінің төмендеуі ұлттық қауіпсіздікке төнетін қатерлер қатарына жатқызылып, президенттік байланыс жүйесіне қатысты мәліметтер мемлекеттік құпия санатына енгізілді. Сонымен қатар ведомстволық жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер берілетін талапкерлер санаты кеңейтілді. Ұпайлары тең болған жағдайда жетім балаларға, қызмет ардагерлерінің балаларына, «Алтын белгі» иегерлеріне және халықаралық олимпиада жеңімпаздарына басымдық беріледі.

Бұдан бөлек, әскери қызметшінің қызметтік міндетін орындау кезінде болған жағдайлар тізімі кеңейтілді. Енді оған дағдарыстық жағдайлар, төтенше режимдер мен жұмылдыру кезеңіндегі іс-қимылдарға қатысу да енгізіледі.

Сайт Әкімшілігі