Қоғам

Сенатор Алматы метросының қауіпсіздігін толық тексеруді ұсынды

Сенат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев жақында станциялардың бірінде болған түтіндеу оқиғасынан кейін Алматы метросына толық тексеру жүргізуді ұсынып, премьер-министр Олжас Бектеновтің атына жолдады.

Фото: ortkom

Оның айтуынша, елдегі жалғыз метро жүйесі көлік логистикасындағы маңызды бағыт болғанымен, оған тиісті деңгейде назар аударылмай келеді.

Депутаттың мәліметінше, жылжымалы құрамдағы техникалық ақау салдарынан болған түтіндеу дер кезінде реттелгенімен, бұл қауіпсіздікке қатысты тәуекелдердің бар екенін көрсетеді.

Сондай-ақ ол метро пойыздарын жаңарту процесі кешеуілдеп жатқанын атап өтті. Бұған жаңа құрамдардың қазіргі уақытта қолданылып жүрген Hyundai Rotem компаниясының қозғалысты басқару жүйесімен толық сәйкестігіне қойылатын талаптар себеп болып отыр.

Осыған байланысты сенатор:
– жаңа пойыздарды енгізу кезінде қауіпсіздік пен техникалық сәйкестікке кешенді бағалау жүргізуді;
– қолданыстағы жылжымалы құрамның жағдайын тексеруді;
– әртүрлі өндірушілерден алынатын жабдықтар мен технологиялардың сапасы мен үйлесімділігін саралауды;
– метрополитеннің тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді стратегиялық жоспар әзірлеуді ұсынды.

Еске салайық, 23 сәуірде Алатау станциясы станциясында техникалық ақау тіркеліп, қауіпсіздік мақсатында жолаушылар эвакуацияланған болатын.

Сайт Әкімшілігі