Сараптама

Сергелдеңнен сервер құтқарар еді ғой

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың назарына!

Jasalash.kz

               

      Қолыма қалам алдырған  мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауы еді. Қазақ елінің бір азаматы болғандықтан, президент сөзін біз де мұқият тыңдадық. Қасым-Жомарт Тоқаев  «Қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн-платформа жоқ. Мұғалімдер, оқушылар және ата-аналар күндіз-түні WhatsApp-тан бас көтермейтін болды», – дегенде, жылдар бойы жиналған запыран көтерілді. Кейде бітіп тұрған істі бүлдіруге бейім болатынымыз неліктен екен? Шындық қой.

      Білім саласы қазір ауыр кезеңді бастан кешіп жатыр. Сала дегенде, тек қана  министрлікті емес, қиналған ата-ананы, шарасыз шәкірттерді айтамыз. Олардың бүгінгі күйін түсініп, түсіне отырып күйінгендіктен. Неге дейсіз ғой? Президент дұрыс айтады. Үкімет қателікке бой алдырды және осы оқу процесіне жауапты министрліктің де айыбы бар. Көктемнен бері оқушы біткенді қараңғылыққа сүйреп апара жатқан секілдіміз. Баспасөз беттеріне зер салыңыз, әлеуметтік желілерге көз жүгіртіңіз. Дерегіңіз толыға түседі. Бірақ  бос байбалам белді бекітпейді. Қайта белбеуді босата түседі. Оны да жақсы білеміз.

      Оқу жылының басталғанына бір-ақ апта өтті. Ата-ана ентігін баса алар емес. Ентік басу қайда, көбінің есі шығып кетті. Қарманатын тал іздеген жандардың жағдайы көз алдыңызға келеді. Бала біткен интернет іздеп жүр. Бірі шатырға шығып алды. Талға өрмелегендері қаншама. Сонда интернет табылды ма? Білім платформасы демекші, бірі «Зумм», енді бірі келесі қосымшаға телміріп отыр. «Ұтылдық-ау» деді жұрт. Шынында да, ұтты-ау  мына дерт бәрімізді.  Дерт дегенде, әлгі әлемді шарпыған, өкпеге түседі деген коронавирус емес.  Өзіміз қолдан жасап алған, өлермендікпен өрістетіп келе жатқан кеселді айтамыз. Өңештен өткізуді ойлайтын, кеңірдекті майлауға арнаған жемқорлық ше?!

      Запыран деп қалдық, осы тұста біз талайдан шырылдаған, бірақ әзірге көп ешкім құлақ аспаған сырдың қақпағын ашайық. Не иммунитеті  бар екенін кім білсін, білім беру ісіндегі  екі шенеуніктің серверді елордаға алдыруынан еш қисын таба алмаймыз. Таппаймыз да, онлайн білім ала алмай қиналып жүрген шәкірттерді ойлаймыз. Оңай жолы бар еді ғой.  Бәлкім,  бала біткеннің болашағына балта  ала  жүгірген әрекет сол кезде  басталған шығар. Тап осы білім және ғылым министрлігінде қызмет етіп жүргенде көзбен көріп, қолмен ұстаған жағдай бұл. Әттең дейміз ғой, енді.  Еліміздің білім және ғылым министрлігі сонау 2011-13 жылдары  онлайн оқытуға  арналған  «e-learning» жүйесін енгізу үшін арнайы серверлер сатып алды. Оның қызметі аймақтағы мектептерді толық интернетпен қамтамасыз ету еді.

     «Е-learning» үшін мемлекеттік бюджеттен 35 млрд теңге бөлінді. Іс жүзінде 18,6 млрд теңге жұмсалды. Алынған серверлер 14 өңірге қойылып, 2017 жылға дейін онлайн оқытуға сақадай сай тұрды. 2018 жылдың төртінші тоқсанында вице-министр Р.Биғари және сол кездегі министрліктің жауапты хатшысы А.Орсариев аяқастынан әлгі серверлерді аймақтардан Нұр-Сұлтанға қайтару туралы шешім қабылдайды. Қисынға келмейді дегеніміз сол. Оларды кері тасудың еш қажеттілігі туындамаған. Егер сол мақсатқа жұмсалуы тиіс 48 млн теңге болмаса. Ол енді басқа мәселе. Серверді тасу ғана емес, оларға қажетті қосалқы бөлшек алуға да тура келетінін ескертті әлгі шенеуніктер. Тасып беруге келісіп, тапсырыс алғандар 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін міндетті жұмыстарын орындаған жоқ. Дегенмен Орсариев пен Биғали тасымал ақшасын төлеуді талап етті әрі орындатты да. Тағы да жұмбақ. Жарайды, кезі келгенде олар да жауап берер.

        Қазір жанға бататыны – сол дайын тұрған жүйені неге жұлып тастадық?  Әлгі серверлер сақылдап жұмыс істеп тұрса,  ұстаз бен оқушылар бұлай сандалмас па еді?! Не түлен түрткенін білмедік, сол кездегі министрліктегі жауапты хатшы Арын Орсариев еліміздің 14 қаласында тұрған серверлерді сыпырып әкелуге пәрмен беріп, елордадағы елеусіз бір қораға қаматты да тастады. Кезінде миллиард теңге маңында қаржы жұмсап алдырған әрі білім беруге қосымша серпін әкелетін, түптеп келгенде, балалардың білімін жетілдіруге арналған жоба еді ғой. Жылнамада тұр. Қазақстанның білім және ғылым министрлігінде әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаментінің директоры қызметін атқардым. Сол кездегі жауапты хатшы Арын Орсариев пен вице-министр Рүстем Биғари қызмет көрсету туралы құжаттарға қол қою кезінде қысым көрсеткенін де жасырғым келмейді.

       Әлгі серверлерді елордаға жинау мүлде қисынсыз болатын. О бастан сол серверлерді әкелуге қарсылық таныттым. Екеуі де үлкен қызмет иесі. Бізден тыс шешім шығара алатын. Мүмкіндіктерін пайдаланып, жинап әкелген шығар. Бірақ  менің еркімнен тыс атқарылған жұмыс әрі келгенін көргем де жоқ. Қолды қалай қоямын? Атқарылмаған жұмысқа мемлекет қаржысын қалай жұмсайық? Иә, кейін кешігіп болсын серверлер тасып әкелінді. Келтірген уәждері де көңілге қонымсыз. «Бұл жұмыстар атқарылған: «Мемлекеттік техникалық қызмет» РМК берген ақпараттық қауіпсіздік туралы аттестат бар, сондай-ақ «Ұлттық тестілеу орталығы» РМК-да барлық құрылғы орнатылған», – деп жазды Орсариев Facebook парақшасында. Солай-ақ болсын. Серверлер ол жерде не үшін тұр? Жалпы, осында жеткізуге 48 миллион теңге керек пе еді? Он төрт жерден 14 көлікке тиеп әкеле салады. Бір шикілік бар екенін іш сезеді. Тиісті жерлерге анық-қанығын анықтау мақсатында талап арыз да түсірдік. Әзірге жауап жоқ. Тағы да сол жолдауға сүйенейікші. «Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау жүргізген жөн». Президент айтқан сөз – осы. Демек, біз атаған істе де бір шикіліктің бары рас.

      Күдігімді сейілту үшін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың атына арыз түсіріп, сервер миграциясын жүзеге асыру үшін «TerraNET» ЖШС-мен келісімшартқа қатысты күмәнімді жаздым. Алайда іс қозғалған жоқ, тергеу амалына кезек тимеген секілді. Енді қалалық департаментке беріліпті. Мүмкін, енді қолға алатын шығар. Оның үстіне мемлекет басшысы да «ендігі жерде саясат осы сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге бағытталады» деп бірнеше рет айтты да. Қос шенеуніктің тосын шешіміне осы тұста баға беріледі деп ойлаймын. Тып-тыныш тұрған, дұрыс құрылған серверлерді кері тасуы ұстаздар мен оқушыларды қаншама сергелдеңге салды. Соны Шпекбаев мырза басқаратын агенттік қызметкерлері сезіне алар ма екен? Әлде бір-екеудің көңіліне қарап, көпшіліктің қиналысын елемей кете ме? Сол жағы бізді де таңғалдырады. Тап қазір жұрттың бәрі онлайн оқуды талқылап жатқанда қалыптасқан қиын кезге бейімделген, тіпті пандемия жағдайында қызмет етуі тиіс, бірақ елеусіз қоймада ескерусіз жатқан серверлер көмекке келер еді ғой. Оны агенттік мамандары неге ескермейді?

     Олардың ойында не жатқанын қайдан білейін. Өз басым интернет іздеген көгенкөздер талға өрмелегенде айтарға сөз таппаймын. Сіз ше?

Анар Қайырбекова
Тегтер: Без Тега