Сеулге сапар: Alatau City-ді Корея сала ма?
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үндістанда өткен «БРИКС плюс» саммитіне қатысқан соң бірден Оңтүстік Кореяға ат басын бұрды.
Мемлекет басшысының Сеулге сапары 14 қыркүйекте басталған. Тоқаев осы сапарында аталған елдің президенті, премьер-министрі және бизнес өкілдерімен жолығып, «Орталық Азия – Оңтүстік Корея» саммитіне қатысты.
Қазақстан мен Корея Республикасы арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 34 жыл болды. Бірақ Ресей, Қытай сияқты көршілерімізбен салыстырғанда бұл елмен саяси-экономикалық барыс-келісіміз аса жиі емес. Қазақстан президенті Сеулге барыпты немесе Корея басшысы Астанаға келіпті дегенді көп естімейміз. Нақтырақ айтқанда, екі елдің президенттері бір-біріне 7 реттен сапар шегіпті. Тоқаев Сеулге екінші рет барып отыр, алғашқы сапары 2021 жылы 16-17 тамызда өтті. Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасына бес мәрте барған. Ал біздің елге Корея атынан 6 президент келіпті (кейін олардың кейбірі өзіне-өзі қол салып, бірнешеуі сотталды).
Бірақ қазақ-корей қарым-қатынасы жұрт ойлағандай жұтаң емес. Оңтүстік Корея – Қазақстанға ең көп инвестиция салған мемлекеттердің бірі. Ресми дерек бойынша, Сеул осы күнге дейін Қазақстанға 12 млрд доллардан аса инвестиция құйған. Бұл туралы Тоқаев 15 қыркүйек күні өткен қазақ-корей дөңгелек үстелінің ашылуында айтты. Ал 2025 жылы Астана мен Сеул арасындағы тауар айналымы 3,17 млрд доллар болған. Биыл қаңтар-маусым аралығында сауда-саттық 1,3 млрд долларға жеткен. Сондай-ақ біздің елде корей ұлтының 120 мыңнан аса өкілі тұрады, ал Кореяда көптеген Қазақстан азаматы жұмыс істеп жүр.
Тоқаевтың Сеулге сапары қалай өтті?
Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ель 2024 жылы маусым айында Астанаға келгенде «Орталық Азия – Оңтүстік Корея» саммитін өткізуді ұсынып, Тоқаевты Сеулге шақырған. Саммит 2025 жылы өтуі тиіс еді. Бірақ бұл сапар екі жыл кешікті. Оның өз себебі бар. 2024 жылы желтоқсанда Юн Сок Ель елде әскери жағдай енгізіп, оған парламент қарсы болып, ақыры президентке импичмент жарияланып, қызметінен қуылды. Экс-президент 2025 жылы ұсталып, биыл жыл басында өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Ал бұл жолы Қазақстан президенті Оңтүстік Кореяға сол елдің жаңа басшысы Ли Чжэ Меңнің шақыруымен барып отыр. Тоқаевты әуежайдан Кореяның вице-премьері әрі ғылым және ақпараттық технологиялар министрі Пэ Ген Хун күтіп алды. Тоқаев Сеулге жеткен бойда Корея Республикасының бірнеше азаматына II дәрежелі «Достық» орденін табыстады. Басқаша айтқанда, Қазақстан басшысының Кореяға достық сапары «достық» орденімен басталды.
Орден алған азаматтардың арасында Хангук шет тілдері университетінің (HUFS) профессоры, Орталық Азияны зерттеу институтының директоры Сон Ен Хун бар. Бұл кісі 20 жылдан бері қазақ тілінен сабақ береді екен. Ол кездесуде қазақ тілінде сөз сөйлеп, жұртты таңғалдырды. Корея профессорының бұл әрекеті қазақстандық делегация құрамындағы мемлекеттік тілді мүлде білмейтін біраз шендіні әбден ұялтқан шығар. Мысалы, сол ортада президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой да болды. Цой мырза ұзақ жыл мемлекеттік қызмет істеді, 2020-2021 жылдары Денсаулық сақтау министрлігін басқарды. Бірақ мемлекеттік тілде сөйлегенін көрген жоқпыз.
Ескі таныспен жүздесу. Осыдан кейін Тоқаев БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы, Жаһандық жасыл даму институтының (GGGI) төрағасы Пан Ги Мунмен кездесті. Пан Ги Мун 2007-2016 жылдары БҰҰ бас хатшысы болды. Ал Тоқаев 2011-2013 жылдары БҰҰ бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің бас директоры қызметін атқарған. Демек, оларды ескі таныс әрі әріптес деуге болады. Ақорданың баспасөз қызметі Тоқаев пен Пан Ги Мун кездесуде Қазақстанның дамуы, «жасыл экономика» және БҰҰ-ны реформалап, оны қазіргі заман талабына бейімдеу туралы әңгімелескенін хабарлады. Қазақстан президенті кейінгі кезде өзі қатысқан ірі халықаралық жиналыстардың бәрінде БҰҰ-ны реформалау, оның қызметін жақсарту туралы айтып жүр.
Ресми кездесулер. Тоқаев Сеулде бірқатар ресми кездесулер өткізді. 15 қыркүйекте Корея Республикасы президентінің резиденциясында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қалыптасқан дәстүрге сай, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Мең бір-біріне делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің мемлекеттік әнұраны шырқалды. Қазақстан басшысы Құрметті қонақтар кітабына жазба қалдырды. Қос президент алдымен шағын құрамда, кейін кеңейтілген құрамда келіссөз өткізді.
Ал Корея Республикасының премьер-министрі Хан Сон Сукпен кездесуде «қазақ-корей қарым-қатынастары тұрақты дамып келе жатқаны, Қазақстанда корей капиталы бар 1 мыңнан астам бірлескен кәсіпорын жұмыс істеп тұрғаны, олардың арасында Samsung, Kia, Hyundai, Lotte, Doosan Enerbility, Shinhan Bank сияқты алпауыт компаниялар бар екені» айтылды. Сондай-ақ Қазақстан президенті қазақ-корей кәсіпкерлерінің дөңгелек үстеліне қатысып, ірі бизнес өкілдерімен жеке жолықты. Тоқаев екі ел арасындағы тауар айналымын екі есе арттыру қажет екенін айтты. Алдағы уақытта Қазақстан мен Кореяның сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2027-2030 жылдарға арналған кешенді бағдарламасы жасалмақ.
Сондай-ақ Қазақстан мен Корея Республикасының бірлескен инвестициялық жобалары таныстырылды. Жоспар бойынша Алматы қаласында автобөлшек өндірісі ашылады, Қостанайда KIA компаниясының Локализация орталығы бой көтереді. Бұдан бөлек медицинада қолданылатын ультрадыбысты диагностика жүйелерін шығару, Алматы қаласында корейлік басқару үлгісі мен заманауи медицина технологиялары қолданылатын көпбейінді аурухана салу, дрон құрастыру сияқты жобалар бар.
19 млрд доллар. Қазақстан мен Корея президенттерінің кездесуінде сауда-экономика, инвестиция, көлік-логистика, энергетика және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты байланыстарды дамыту мәселесі сөз болды. Тоқаев Ли Чжэ Меңге Кореяға шақырғаны үшін ризашылығын білдіріп, екі ел арасында сауда-саттық жақсы дамып келе жатқанын айтты. «Сапар барысында 19 млрд доллар болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылды. Корей инвесторларының жұмысына көңіліміз толады, алдағы уақытта да осы бағыттағы байланыстарды жалғастырамыз. Қонақүй, мұнай өңдеу зауытын салу және қала құрылысы бойынша жақсы жоспарларымыз бар», – деді ел президенті.
Оңтүстік Кореямен 19 млрд доллардың келісімшарты жасалғанын үлкен көрсеткіш деп бағалауға болады. Бұл тіпті Қазақстанның ең ірі сауда серіктестерімен жасаған келісіммен шамалас. Мысалы, былтыр Тоқаевтың Қытайға сапары барысында екі ел жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен аса коммерциялық құжатқа қол қойған. Астана мен Бейжің арасындағы бір жылдағы сауда айналымы 44 млрд долларға жеткен, ал Кореямен бір жылдық саудамыз 3 млрд-тан енді асқанын жоғарыда жаздық. Екеуінің арасында жер мен көктей парық бар. Демек, осы жолы қол қойылған 19 млрд доллардың келісімшарты шынымен жүзеге асса, бұл сапардың сәтті болғаны деп санаймыз.
Оңтүстік Кореяны әлем жұрты заманауи технологиясы дамыған технократ ел ретінде таниды. Бұл елден Қазақстанның алатын басты «тауары» технология деп есептейміз. Корея – автомобиль, компьютер, смартфон және күнделікті тұрмыстық техникаларды шығарудың хас шебері. Осы жолы жасалған келісімдердің көбі дәл осы бағытта болғанын көріп отырмыз. Ал біздің ел Сеулге бидай, майлы дақылдар, ет, сүт өнімдерін экспорттайды. Әрине, бұл қатарда өзіміздің басты тауарларымыз – мұнай, уран мен сирек минералдар бар екені анық.
Alatau City-ді кім салады. Тоқаев пен Оңтүстік Корея премьер-министрі Хан Сон Суктың кездесуінде Alatau Smart City жобасы таныстырылды. Ақорданың баспасөз қызметі Alatau City жобасын жүзеге асыруға корейлік серіктестер тартылатынын хабарлады. Мысалы, қалада KIND, KAIST және Korea Airports Corporation компанияларымен K-Smart қалашығын құруы мүмкін. «Корея Алатау қаласын дамытуда Қазақстанның ықтимал серіктестерінің бірі болады деп ойлаймын», – деді Хан Сон Сук.
Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның шетелдік инфрақұрылым және қала құрылысы жобаларын дамыту корпорациясы (KIND) Алатау қаласының бас жоспарын әзірлеуге атсалысатыны белгілі болды. KIND корпорациясы Қазақстанда көлік-логистика жүйелерін жөндеу, Ақтау, Құрлық порттарын дамыту, өңірлерде әуежайлар салу сияқты жұмыстарға да араласуы мүмкін.
Alatau City – Қазақстан билігі қолға алып отырған ең ірі жобалардың бірі. Жоспар бойынша Алматы маңында 2 млн адам қоныстанатын заманауи, цифрлы қала бой көтереді. Тіпті Алатау қаласына арнайы құқықтық мәртебе берілді. Бірақ бұл жоспардың қаншалық шынайы жүзеге асатыны қазірше белгісіз. Бұған дейін «Alatau City жобасын жүзеге асыруға Шэньчжэнь жаһандық технополисін салуға қатысқан компания тікелей атсалысатыны» айтылған. Яғни Алатау қаласын қытайлар салатындай көрінген. Енді қаланың бас жоспарын корейлер дайындайтыны белгілі болып отыр. Alatau City жобасына талас басталды ма, әлде Қытай жобаға инвестиция құюдан бас тартты ма, белгісіз.
«Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті қалай өтті?
Геосаясатқа назар салып жүрген ағайын кейінгі жылдары Орталық Азияның 5 елін ортаға алып C5+1 форматында саммит өткізу сәнге айналғанын бірден байқайды. Әсіресе 2025 жылы осындай форматта өте көп кездесу өтті. Атап айтқанда, былтыр сәуірде «Орталық Азия – Еуроодақ» саммиті, мамырда «Орталық Азия – Италия» саммиті, маусымда «Орталық Азия – Қытай» саммиті, қазанда «Орталық Азия – Ресей» саммиті, қарашада «Орталық Азия – АҚШ» саммиті, желтоқсанда «Орталық Азия – Жапония» саммиті өткен. Бірақ биыл мұндай жиналыстар көп өте қойған жоқ.
C5+1 форматындағы кездесулер қатарына биыл Оңтүстік Корея қосылып отыр. 16 қыркүйек күні Сеулде бірінші кезекті «Орталық Азия – Корея Республикасы» саммиті өтті. Саммитке Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ли Чжэ Меңнен бөлек, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев қатысты.
Президенттер көлік-логистика, сирек кездесетін минералдар, энергетика, жасанды интеллект, цифрлық технология, ғылым, жасыл экономика, климат және су ресурстары саласындағы ынтымақтастықты талқылады. Саммит қорытындысында ұзақ мерзімді ынтымақтастықтың жаңа бағытын айқындайтын «Сеул декларациясы» қабылданды. Декларацияда инновация, өркендеу және байланысты күшейту жайлы сөз болған. Бұған дейін Корея мен Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынас жеке-жеке жоба бойынша жүргізіліп келсе, енді оны тұрақты көпжақты серіктестік жүйесіне көшіру мақсаты қойылып отыр. Яғни Орталық Азия елдері бірыңғай субъект ретінде әрекет етуі мүмкін.
Сеул Орталық Азияның уран, литий және басқа да стратегиялық шикізат қорларына қызығушылық танытып отыр. Соған орай, геологиялық барлау, өңдеу және жоғары технология саласындағы тәжірибесін ұсынбақ. Яғни келісім «Корея технологиясы + Орталық Азияның шикізаты» форматында жасалып отыр. Бірақ біздің өңірдегі шикізатқа Ресей, Қытай сияқты көршілеріміз, сондай-ақ бұрыннан сауда серіктес болып отырған Еуропа елдері мен АҚШ көбірек иелік етеді. Ал Сеулдің Орталық Азиямен ортақ шекарасы және қалыптасқан сауда жолы жоқ, демек, олар біз атаған алпауыттармен бәсекеге түсе алмауы мүмкін.
Қазақстан президенті саммитте сөйлеген сөзінде Орталық Азия мен Оңтүстік Корея арасындағы диалогқа осыдан 20 жыл бұрын корей тарапы бастамашы болғанын айтып, мемлекет басшылары деңгейіндегі алғашқы саммитті сәтті ұйымдастырғаны үшін Ли Чжэ Меңге ризашылығын білдірді. «Былтыр Орталық Азия мен Кореяның өзара сауда-саттық көлемі алғаш рет 10 млрд доллардан асты. Өңірдегі тауар айналымының жартысына жуығы Қазақстанға тиесілі. Сеул еліміздің үздік он сауда серіктесінің қатарына кіреді. Ірі инвесторлардың арасында тоғызыншы орын алады. Кореядан елімізге 12 млрд доллардан астам инвестиция келді. Қазақстанда Kia, Hyundai, Doosan, Posco, Samsung, Lotte, Hanwha секілді жетекші компаниялар ұзақ жылдар бойы табысты жұмыс істеп келеді», – деді Тоқаев.
Оңтүстік Корея – қуатты индустриялық мемлекет екенін айттық. Қазір дамыған мемлекеттер үшін сирек минералдар стратегиялық маңызға ие ресурсқа айналып отыр. Сол үшін де C5+1 форматына сұраныс артып келеді. Сол қатарда Сеулдің Орталық Азиядағы саяси және инфрақұрылымдық жобаларға белсенді араласуы аймақтың стратегиялық маңызын арттыра түседі. Алпауыт елдер өңірде транзит, ресурс және ықпал күші бойынша бәсекеге түсіп жатқаны жасырын емес. Ал біздің міндет – осы геосаяси бәсеке арасынан өзімізге тән бәсіремізді алып, мемлекет мүддесіне сай әрекет ету.
Қуаныш Қаппас