Қоғам

Шахматшы Бибісара Асаубаева министрлікті қатаң сынады

Туризм және спорт министрлігі шахматшының Президентке жолдаған үндеуінен кейін арнайы брифинг өткізіп, оған бөлінген қаржы көлемі туралы мәлімет жариялаған еді.

Фото: ашық деркккөзден

Енді бүгін шахматшы министрліктің жауабын сынға алды.

«ИНТЕЛЛЕКТ ПРИОРИТЕТ ЕМЕС ПЕ?

Мен Туризм және спорт министрлігінің ресми жауабын мұқият оқыдым. Онда: «Шахмат – басым спорт түрлерінің қатарына кірмейді» делінген. Шынымды айтсам, бұл сөйлемді бірнеше рет қайталап оқуға тура келді.

Жуырда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдің стратегиялық бағытын нақты атап өткен еді: «Күшті ұлт – мықты интеллекттен басталады. XXI ғасырда негізгі ресурс – шикізат емес, білім мен ғылым».

Әлемнің жетекші елдерінде шахмат – жай ғана спорт емес. Ол стратегиялық ойлау, интеллектуалдық капитал және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің символы. Егер шахмат басым бағытқа жатпаса, онда қарапайым сұрақ туады: Президенттің мені ІІ және ІІІ дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттауы қандай еңбектің нәтижесі?

Бүгінде мен әлемдік рейтингте 5-орында тұрмын.

Министрліктің жауабынан шығатын қорытынды қарапайым: шенеуніктер емес, менің ата-анам - елімнің интеллектуалдық болашағына инвестиция жасаған нағыз патриоттар.

Қазақстанның болашағы – интеллектке, білімге, ғылымға және адами капитал сапасына байланысты.

Негізгі сұрақ: Туризм және спорт министрлігінің ұстанымы Президенттің стратегиялық бағытына сәйкес келе ме? Өйткені шахматқа деген көзқарас – интеллектке деген көзқарас. Ал интеллектке деген көзқарас – ел болашағына деген көзқарас.

Бәлкім, министрліктің бағыты басқа шығар…», - деп жазды шахматшы.

Сайт Әкімшілігі