Шахтинскіде мас ер адам газ баллонын жарып жіберемін деп тұрғындарды қорқытқан
Қарағанды облысының Шахтинск қаласында мас күйіндегі ер адам газ баллонын жарып жіберетінін айтып, тұрғындарды әбігерге салған.
Оқиға 2 қыркүйекте К.Маркс көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Полицияға пәтерде тыныштықтың бұзылғаны туралы хабар түскен. Шақырту орнына барған қызметкерлер 33 жастағы ер адамның газ баллонын жарып жіберемін деп қорқытқанын анықтады.
Қауіптің алдын алу үшін полицейлер подъездегі 35 тұрғынды эвакуациялады. Осыдан кейін мамандар қауіпсіздік шараларын қабылдап, ер адаммен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Көп ұзамай ол пәтердің есігін өз еркімен ашқан. Полиция ер адамның мас күйде болғанын анықтап, оны бөлімге жеткізді.
Пәтерді тексеру кезінде газдың иісі сезілмеген.
Ер адамға қатысты әкімшілік іс жүргізу басталды. Тексеру аяқталғанға дейін ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.
Жиналған материалдар заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.