Шалқарда оқ тиген студенттердің бірі әлі жан сақтау бөлімінде жатыр
Шалқар қаласында оқ тиіп, ауыр жарақат алған екі студенттің жағдайы тұрақтала бастады.
Бұл туралы Азаттыққа 1 тамыз күні Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Түлкібаева хабарлады.
27 шілде күні Шалқардағы екі ықшам аудан жастары арасында шыққанжанжал кезінде үш адамға оқ тиген. Соның бірі 21 жастағыстудент Аслан Әбдір ауруханаға жетпей, қайтыс болған.
Басқарма мәліметінше, оқиға болған күні Ақтөбеден Шалқарға санавиациямен бір топ дәрігер жіберілген. Әкімдік өкілі "жаралылардың халі әуелде тасымалға жарамсыз, өте ауыр болды" дейді. Сондықтан дәрігерлер оларды Шалқардағы аудандық ауруханада қалдыру туралы шешім қабылдаған. Жаралылар екі тәуліктен соң ғана облыс орталығына жеткізілген.
— Ақтөбедегі теміржол ауруханасына жеткізілген екі науқастың бірі әлі дежан сақтау бөлімінде жатыр. Екіншісі хирургия бөліміне ауыстырылды. Қазір екеуінің де жағдайы тұрақты, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Бақытжан Түлкібаева.
Бірі — Алматыдағы экономика колледжінде, екіншісі көлік жәнекоммуникациялар академиясында оқитын студенттер оқиға болған кездетуған жері Шалқарда жазғы демалыста жүрген.
Аты-жөнін атамауды сұраған Шалқар тұрғынының айтуынша, орталықтағы "Мерей" сауда үйінің жанында қаладағы "Город" және "Селивановка" деп аталатын екі ауданның балалары өзара шекісіп қалған. Шалқар ауданы әкімі Бауыржан Қаниев "тергеу жүріп жатқанына байланысты ешбір мәлімет бере алмайтынын" айтты. Ақтөбе полициясының мәліметінше, "кісі өлтірді" деген күдікпен 21 жастағы жергілікті тұрғын қамауға алынған. Одан 16 калибрлі шолақ мылтық тәркіленген.
Instagram бізге жазылыңыз