Сараптама

Шарджадағы жұмбақ өлім: Ақжан мен Жұлдыздың бір мезетте жүрегі тоқтап қалған ба?

Қазір білім іздеп немесе еңбек етіп, тұрмысын түзеуді көздеп шетел асқан қазақ қыздары көп.

Фото: ашық дереккөз

 Алайда елден үлкен үмітпен аттанған қаршадай қыздардың кейбірі туған жеріне табытпен оралып жатыр. Тек өткен айдың өзінде шетелде 3 қазақстандық қыздың өмірі үзілді. Әуелі Сербияның астанасы Белградта 22 жастағы Амира Қанат көпқабатты тұрғын үйдің 6-қабатынан секіріп қайтыс болды, одан соң Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында 20 және 22 жастағы Ақжан мен Жұлдыздың денесі жалдамалы пәтерден табылды. Ең өкініштісі, олардың қазасына себеп болған жағдайлар жұмбақ күйінде қалып отыр.

Апалы-сіңлілі Ақжан мен Жұлдыз Бохановалар былтыр желтоқсанда Біріккен Араб Әмірліктеріне жұмыс істеу үшін барған. Бойжеткендер бір отбасындағы төрт қыздың ортаншылары. Олар Қазақстанда сұлулық саласында тәжірибе жинап, қас пен кірпік әрлеу, тырнақ жасауды меңгерген. Шетелде де осы кәсіппен айналысып, табыс табуды көздепті. Қыздардың әпкесі Меңсұлу Боханованың айтуынша, Ақжан мен Жұлдыз БАӘ-де ұзақ уақытқа қалуды жоспарламаған. Бастапқыда олар ақпан айында елге оралмақшы болған. Кейін Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты сапар мерзімі қыркүйектің басына ауыстырылған. Марқұмдардың әпкесінің айтуынша, қыздар БАӘ-де туристік визамен жүрмеген, сондықтан туристерді елден шығару кезінде жүргізілген эвакуацияға да іліге алмаған. Құжаттарын реттеп, жақын арада елге қайтпақ болған. Тіпті анасына қуанышты хабарларын айтып, жуырда Қазақстанға оралатындарын жеткізген. Алайда 17 тамыздан кейін отбасының қыздармен байланысы үзілген. Алғашында желіде жазған хабарламалардың қыздарға жеткені көрінгенімен, кейін хаттар мүлдем бармай қалған. Мұны байқаған туыстары алаңдап, бірден Шарджадағы таныстарына хабарласа бастаған. Алайда қыздардың жағдайын білу үшін олар тұрған тұрғын үй кешеніне барған қазақстандық азаматты ғимаратқа кіргізбеген. Осыдан кейін отбасы полиция мен Қазақстанның елшілігіне хабар беріп, көмек сұраған. Арада бірнеше күн өткенде Ақжан мен Жұлдыздың пәтерден денелері табылғаны белгілі болады.

«Біздің болжамымыз бойынша қыздар 17 тамыз күні-ақ қайтыс болған. Полицияның өте баяу қимылдағанына күйініп отырмыз. Егер олар кісі қолынан қаза тапса, кінәлі адамның ертерек анықталып, жазалануын талап етеміз. Қазір әлеуметтік желіде түрлі қауесет тарап кетті. Бірі қыздардың пышақ жарақатынан қаза тапты десе, енді бірі қыздардың күмәнді жұмыс істегенін айтып жатыр. Әртүрлі алыпқашпа әңгімелер бізге ауыр тиді. Өйткені Ақжан да, Жұлдыз да адал еңбек етуге кетті. Сұлулық салонында қыздарды әрледі. Одан артық әрекетке бармады. Олар БАӘ-ні ең қауіпсіз ел деп таңдаған болатын», – дейді Меңсұлу Боханова.

Құжаттарда өлім себебі «жүрек тоқтауы» деп көрсетілгенімен, марқұмдардың жақындары нақты не болғанын білмейтінін айтып отыр. Қыздардың әпкесінің мәліметінше, олар соңғы күндері ешкімге шағым айтып, қандай да бір қиындыққа тап болғанын білдірмеген. Керісінше, анасына бәрі жақсы екенін жеткізіп, дыбыстық хабарлама жіберген.

Ақжан мен Жұлдыздың денесі Шарджадан елге өткен сенбіге қараған түні жеткізіліп, туған жерінде жер қойнына тапсырылды. Қыздардың денесін БАӘ полициясы туыстықты растау үшін әкесі Мейрам Боханов ДНҚ сараптамасынан өткеннен кейін ғана берген. Қос қыздың анасы үшін бұл күн өміріндегі ең ауыр сәттердің біріне айналды. Екі перзентінен айырылған ана қыздарының қазасына сенер-сенбесін білмейді. Марқұмдардың әкесі Мейрам Боханов қыздарының денесін Әмірлікте көре алмаған. Ол мәйіттердің Қазақстанға жеткізілгеннен кейін ғана, мешітте қоштасу рәсімі кезінде жүздерін көргенін айтады. Ал анасына қыздарын соңғы рет көруге мүмкіндік бермеген.

«Беттерін мешітте ғана аштық. Бауырым екеуміз қарап шықтық, анасы көрген жоқ. Ол қыздарының әрдайым көңілді, бақытты жүздерін есінде сақтасын», – дейді қыздардың әкесі Мейрам Боханов.

Ажан мен Жұлдыздың өліміне не себеп болғаны әзірге толық анықталған жоқ. Құжаттарда олардың қайтыс болу себебі ретінде «жүректің тоқтауы» көрсетілген. Алайда марқұмдардың ата-анасы бұл тұжырымға қатысты көптеген сұрақтың жауабы әлі табылмағанын айтады.

«Жүрегі тоқтаған дейді. Олардың нақты қалай қайтыс болғанын біз білмейміз. Ғаламторда тарап жатқан ақпараттың бәрі – өтірік! Сараптаманың ресми қорытындысы шыққанда ғана нақты айта аламыз», – дейді марқұмдардың әкесі.

Отбасының тағы бір күдігі құқық қорғау органдарының әрекет ету жылдамдығына қатысты болып отыр. Туыстарының болжамынша, қыздар 17 тамызда-ақ қайтыс болуы мүмкін. Сондықтан марқұмның жақындары тергеудің не себепті ұзаққа созылып жатқанын түсінгісі келеді.

«Егер қыздарым кісі қолынан қаза тапса, кінәлі адамның заң алдында жауап бергенін қалаймыз. Екеуінің де денесі пәтерден табылған. Күдікті адам ұсталды деді. Не болды, қалай болды? Бұл жағы бізге әлі белгісіз. Менің айтатыным, олар әлі жас, кішкентай қыздар еді. Олар сонша не істеді? Ұл балалар болса, төбелесіп қалды деп түсінуге болар еді. Ал қыздар не істеді? Неге бізге ертерек хабарламады? Менің білгім келетіні – осы», – дейді қыздардың әкесі Мейрам Боханов.

Бейресми мәліметтерде қыздардың қазасына Шарджада тұратын қазақстандық азаматтың қатысы бары айтылады.

Марқұмдардың бірі небәрі 20 жаста болса, екіншісі 22 жаста еді. Қазір олардың өліміне қатысты тергеу жалғасуда. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Шарджадағы қайғылы оқиғаның мән-жайын БАӘ-нің жергілікті құқық қорғау органдары анықтап жатыр. Тергеу жұмыстары аяқталмағандықтан, әзірге істің мән-жайы жарияланбайды. Ал Қазақстанның Дубайдағы Бас консулдығы марқұмдардың туыстарымен байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсететінін мәлімдеді. Дипломаттар құжаттарды рәсімдеуге жәрдемдесіп қана қоймай, қыздардың қазасына қатысты БАӘ-нің құзырлы органдарымен өзара жұмыс жүргізіп жатыр. Ал қос қыздың туыстары қазіргі таңда ресми тергеу мен сараптама нәтижесінен нақты жауап күтіп отыр.

Маржан Сәбет

Сайт Әкімшілігі