Шарын маңынан қарақұйрыққа ұқсас бес жануардың өлексесі табылды: Күдіктілер ұсталды
Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің маңында заңсыз аңшылық дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Оқиға орнынан қарақұйрыққа ұқсас бес жануардың ұшасы табылған.
7 қарашада ұлттық парк инспекторлары Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Ұйғыр аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, күшейтілген рейд жүргізді. "Шонжы – Көкпек – Алматы" автожолында күдік тудырған көлік тоқтатылды.
Алдын ала мәлімет бойынша, көліктегі азаматтар 6 қарашада ұлттық парктің Темірлік аумағына жақын жерде заңсыз аңшылыққа қатысуы мүмкін. Табылған бес жануардың нақты түрі мен жынысы сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-бөлігінің 2-тармағына сәйкес іс тіркелді. Қазір күдіктілердің оқиғаға қатысы мен өзге де мән-жайлар анықталып жатыр.