Шегірткемен күрес: техника жаңарып, бақылау күшейді
Агроөнеркәсіп кешені кез келген мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды салалардың бірі саналады.
Егін шаруашылығының тұрақты дамуы мен өнімділіктің жоғары болуы тек табиғи-климаттық жағдайларға ғана тәуелді емес. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы дақылдарына қауіп төндіретін зиянкестерге қарсы жүргізілетін жүйелі жұмыстардың сапасына да тікелей байланысты. Соның ішінде шегіртке зиянкестері әлемнің көптеген мемлекеттері үшін күрмеуі қиын фитосанитарлық мәселе болып қала бермек. Шегірткенің жаппай көбеюі мыңдаған гектар егістік алқаптарын қысқа уақыт ішінде жарамсыз күйге түсіріп, ауыл шаруашылығы өндірісіне, азық-түлік бағасының тұрақтылығына және экспорттық әлеуетке елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
Сондықтан бүгінде Қазақстан өңірлерінде шегіртке зиянкестеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жоспарлы түрде жалғасып жатыр. 29 маусымдағы жағдай бойынша болжанған өңдеу көлемінің шамамен 70 пайызы орындалып, жалпы көлемі 1,5 млн гектарға жуық ауыл шаруашылығы жері арнайы өңдеуден өткізілген. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, егістік алқаптарын қорғау шаралары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілмек. Қазіргі уақытта барлық қажетті жұмыстар уақытылы әрі толық көлемде атқарылып келеді. Химиялық өңдеу науқанының тиімділігі мен орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстау мақсатында Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті басшылығы қазіргі кезде Атырау және Маңғыстау облыстарында жұмыс сапарымен жүр. Олар өңірлердегі фитосанитарлық ахуалды бағалап, жергілікті мамандармен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы мен ұйымдастырылуын бақылауға алған. Биыл шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру кезінде бірқатар маңызды өзгерістер енгізілді. Соның бірі – желдеткіш бүріккіштердің тәуліктік өнімділік нормативтерін қайта қарау. Бұған дейін бір техника тәулігіне 100 гектар алқапты өңдеуі тиіс болса, жаңа талапқа сәйкес бұл көрсеткіш 70 гектарға дейін төмендетілген. Мұндай шешім, ең алдымен, химиялық өңдеудің сапасын арттыруға және препараттардың егістікке біркелкі шашылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар жаңа нормативтің енгізілуі жұмысқа қосымша техникаларды тартуға мүмкіндік бермек. Нәтижесінде химиялық өңдеуге жұмылдырылған арнайы техника саны 556 бірлікке дейін ұлғайып, бұл өткен 2025 жылмен салыстырғанда 25 пайызға көп болды. Осылайша, техникалық мүмкіндіктердің кеңеюі өңдеу жұмыстарының тиімділігі мен қамту ауқымын арттыруға ықпал етіп отыр.
Фитосанитарлық қызметтің материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында да елеулі жұмыстар атқарылды. Биыл салаға барлығы 103 ұшқышсыз ұшу аппараты сатып алынды. Оның ішінде 57 дрон шегірткенің таралу аумағын анықтау, мониторинг жүргізу және фитосанитарлық зерттеу жұмыстарын орындауға арналған. Ал қалған 46 дрон тікелей химиялық өңдеу шараларын жүзеге асыру үшін пайдаланылмақ. Ұшқышсыз аппараттарды қолдану зиянкестердің таралу ошақтарын жедел анықтауға, адам күші мен уақыт шығынын азайтуға, сондай-ақ өңдеудің дәлдігін арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе жер бедері күрделі немесе арнайы техниканың жетуі қиын аумақтарда дрондардың тиімділігі айқын байқалады. Шегірткеге қарсы күрестің нәтижелілігін арттыру мақсатында цифрлық технологияларды енгізу жұмыстары да қарқын алып келеді. Осы бағытта FITOCENTRE мобильді қосымшасы іске қосылған. Аталған жүйе фитосанитарлық мониторинг жүргізуді жеңілдетіп, деректерді жедел жинауға, өңдеуге және нақты уақыт режимінде талдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымымен (ФАО) бірлескен серіктестік жобасын жүзеге асырып келеді. Жоба аясында цифрлық технологиялар, жасанды интеллект мүмкіндіктері және ұшқышсыз авиациялық жүйелер кеңінен пайдаланылып, шегірткелердің таралуын алдын ала болжау, олардың қозғалысын модельдеу және қауіп-қатерді ертерек анықтау бағытындағы жұмыстар күшейтілмек.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, шегірткемен күресте тек химиялық өңдеуге ғана сүйену жеткіліксіз. Соңғы жылдары көптеген мемлекеттер интеграцияланған фитосанитарлық басқару жүйесіне көшіп келеді. Мәселен, Австралияда шегірткелердің көбею ошақтары спутниктік бақылау, метеорологиялық мәліметтер және далалық мониторинг нәтижелері арқылы анықталып, ықтимал қауіп алдын ала болжанады. Бұл зиянкестердің жаппай таралуына жол бермей тұрып, қажетті шараларды ертерек қабылдауға мүмкіндік береді. Африка құрлығында, әсіресе Шығыс Африка елдерінде ФАО үйлестіретін халықаралық мониторинг жүйелері жұмыс істейді. Онда бірнеше мемлекет өзара ақпарат алмасып, шегірткенің қозғалысын трансшекаралық деңгейде бақылап отырады. Қытайда ұшқышсыз ұшу аппараттары ауыл шаруашылығы өндірісінде кеңінен қолданылады. Дрондардың көмегімен егістіктерге препараттар жоғары дәлдікпен шашылып, химиялық заттардың шығыны азайып, еңбек өнімділігі бірнеше есе артады. АҚШ пен Еуропаның бірқатар мемлекеттері жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін болжамдық модельдерді пайдаланып, ауа райы, топырақтың ылғалдылығы, өсімдік жамылғысы және зиянкестердің биологиялық даму кезеңдері жөніндегі деректерді біріктіру арқылы қауіп деңгейін алдын ала бағалайды. Мұндай тәсілдер химиялық өңдеуді тек қажетті аумақтарда жүргізуге мүмкіндік беріп, экологиялық жүктемені де төмендетеді.
С.Бақберген