Сараптама

Шеруден – толқуға, Еуропа неге теңселді?

Францияда мектеп оқушылары көтерген мәселе бір айдың ішінде жүздеген мың адамның қатысуымен өткен жалпыхалықтық шеруге ұласты.

Фото Jack Taylor / Reuters

Италияда қымбатшылыққа қарсы наразылықтар полициямен қақтығысқа айналды. Испания мен Португалияда тұрғын үй мәселесі ушығып, Албанияда жемқорлыққа қарсы шыққан жұрт үкіметтің отставкасын талап етті. Чехияда мыңдаған адам ақпарат құралдарының тәуелсіздігін қорғау үшін жиналды. Мұның бәрі Еуропаның бірнеше елінде бір мезгілде болып жатыр. Шеруге шыққандардың талаптары әртүрлі болғанымен, олардың көпшілігін ортақ мәселе байланыстырады. Ол – тұрмыс деңгейінің төмендеуі, күнкөрістің қиындауы және халықтың билік шешімдеріне көңілі толмауы.

Фото Lucien Libe / Reuters/Франциядағы наразылық

Оқушылар көтерген мәселе бүкіл Францияны қамтыды

Франциядағы шеру қыркүйектің екінші жартысында Париж маңындағы Кретей қаласынан басталды. Жергілікті лицей оқушылары мұғалім тапшылығына, білім беру сапасының төмендігіне наразылық білдірді. Кейін бұл қарсылық елдің өзге аймақтарына тарады. Оқушылар мектеп ғимараттарын жауып, сабаққа қатысудан бас тартты. Олар жоғары оқу орындарына қабылдайтын Parcoursup жүйесін де сынап, оның әлеуметтік теңсіздікті күшейтетінін мәлімдеді. 1 қазанда наразылық жаңа деңгейге көтерілді. Франция Білім министрлігінің мәліметінше, мыңнан астам лицейде оқу процесі бұзылып, 222 мектептің кіреберісі жабылды. Полицияның шерушілерге күш қолдануы жағдайды одан әрі ушықтырды. Ланс қаласында полиция қолданған гранатадан бір жасөспірім қолынан айырылып, бұл оқиға қоғамда наразылық туғызды.

"Сары жилеттер" қайта оралды

17 қазанда Францияның ондаған қаласында жүздеген мың адам көшеге шықты. Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, шеруге 550 мың, ал ұйымдастырушылардың есебінше, 800 мың адам қатысқан. Олардың арасында оқушылар, студенттер, жұмысшылар, зейнеткерлер мен кәсіподақ өкілдері болды. Наразылыққа 2018 жылы жанармай бағасының өсуіне қарсы құрылған "сары жилеттер" қозғалысы да қосылды. Шерушілер білім беру сапасын жақсартуды, жалақы мен әлеуметтік төлемдерді көтеруді талап етті. Алайда кейбір қалаларда акциялар полициямен қақтығысқа ұласты. Парижде, Марсельде тәртіпсіздіктер тіркеліп, Лимож қаласында тарихи мэрия ғимараты өртенді.

24 қазанда наразылық қайта жалғасты. Билік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 70 мың полиция қызметкерін жұмылдырды. Ресми мәлімет бойынша, елдегі 289 акцияға 410 мың адам қатысқан. Наразылық күшейген соң, 26 қазанда үкімет оқушылар өкілдерімен кездесіп, білім беру жүйесін жақсартуға шамамен 4 млрд еуро бөлуді ұсынды. Бірақ кәсіподақтар бұл шараларды жеткіліксіз деп есептейді. Сондықтан "сары жилеттер" 31 қазанға кезекті шеру, ал кәсіподақтар 5 қарашаға жалпыұлттық ереуіл жоспарлап отыр.

Фото: Gonzalo Fuentes/Reuters/Франция

Еуропаның өзге елдерінде не болып жатыр?

Франциядағы толқулармен қатар Италияда да халық көшеге шықты. 17 қазанда Миланда қымбатшылыққа қарсы шеру полициямен қақтығысқа ұласса, 24 қазанда Рим, Турин, Неаполь және басқа қалаларда наразылық өтті. Шерушілер экономикалық саясатты сынап, әскери шығындардың бір бөлігін әлеуметтік қажеттіліктерге бағыттауды талап етті. Бельгияда оқушылар мен студенттер білім беру шығындарының қысқаруына қарсы шықты. Испания мен Португалияда баспана бағасының өсуі халық наразылығын күшейтті. Ал Албанияда жемқорлық пен жұмыссыздыққа наразы тұрғындар премьер-министр Эди Раманың отставкасын талап етті. Сербияда 2024 жылы Нови-Сад вокзалындағы қайғылы оқиғадан кейін басталған студенттердің жемқорлыққа қарсы қозғалысы жалғасып жатыр.

25 қазанда Чехия астанасы Прагада да мыңдаған адам шеруге шықты. Бірақ мұндағы наразылықтың себебі басқа. Үкімет қоғамдық теледидар мен радионы мемлекеттік бюджет арқылы қаржыландыруды ұсынған. Ал азаматтар бұл өзгеріс ақпарат құралдарының тәуелсіздігіне қауіп төндіреді деп есептейді. Қоғамдық телерадио қызметкерлері 3 қарашаға ереуіл, белсенділер 15 қарашаға тағы бір ірі шеру жоспарлап отыр.

Еуропадағы әлеуметтік толқуларға соғыстардың экономикалық салдары да әсер етіп жатыр. Ресейдің Украина арасындағы соғыс энергетикалық дағдарысты тудырса, биыл Ирандағы қақтығыс мұны одан әрі қиындатты. Мұнай мен жанармай қымбаттап, халықтың тұрмысына салмақ түсті. Eurostat мәліметінше, қыркүйекте еуроаймақта жылдық инфляция 3,8 пайызға, энергия бағасының өсімі 18,8 пайызға жеткен.

Мұндай тұрақсыздық Ресейдің мүддесіне сай келуі мүмкін. Өйткені Еуропа елдері ішкі мәселелерге көбірек қаржы жұмсауға мәжбүр болса, Украинаға көрсетілетін көмектің көлеміне қатысты пікірталас күшейеді. Оның үстіне мұнайдың қымбаттауы Ресейге қосымша табыс әкелді. Alliance4Europe зерттеуіне сәйкес, Ресеймен байланысты ақпараттық желілер Франциядағы наразылықтарды Украинаға қарсы пікір қалыптастыру үшін пайдалануға тырысқан.

Фото: AP/Трамп

Трамптың саясаты жағдайды қалай өзгертті?

Еуропаның қазіргі жағдайын АҚШ президенті Дональд Трамптың саясатынан бөлек қарастыру қиын. Вашингтонның Иранға қарсы соғысы әлемдік энергия нарығына үлкен соққы болып тиді. Соғыстың экономикалық салдарын АҚШ-пен қатар Еуропа және Азия мемлекеттері де сезініп отыр. Сонымен бірге Трамп әкімшілігінің Ресей мен Украинаға қатысты ұстанымы да Еуропада алаңдаушылық туғызды. Мәселен, АҚШ әкімшілігінің Ресейге экономикалық қысымды жеңілдетуге бағытталған кейбір шешімдері Конгресте қарсылыққа тап болған. Трамп Ресей дизеліне қатысты санкцияларды жеңілдетіп, Мәскеумен келіссөз жүргізу арқылы соғысты тоқтатуға ұмтылған. Сонымен бірге оның Украина билігіне жасаған қысымы жөнінде де пікірталас күшейді. Вашингтон мұндай қадамдарды соғысты дипломатиялық жолмен аяқтау әрекеті ретінде түсіндірсе, қарсыластары Ресейге жеңілдік беру Кремльдің ұстанымын күшейтуі мүмкін деп қауіптенеді. АҚШ саясатының өзгеруі Еуропаға қосымша жауапкершілік жүктеп отыр. Сондықтан бұрын Вашингтонның әскери және қаржылық қолдауына көбірек сүйенген Еуропа мемлекеттері енді қорғаныс қабілетін нығайтуға, қару-жарақ өндірісін арттыруға және Украинаға көмекті жалғастыруға өздері көбірек ресурс жұмсауға мәжбүр. Ал мұның бәрі әлеуметтік шығындарды көбейтуді талап етіп отырған қоғамның қысымымен қатар жүріп жатыр.

Еуропадағы наразылық саяси өзгерістерге ұласуы мүмкін бе?

Франциядағы қазіргі қозғалыс алдағы саяси оқиғаларға да ықпал етуі мүмкін. Елде 2027 жылы президент сайлауы өтуге тиіс. Эмманюэль Макрон қатарынан екі мерзім президент болғандықтан, бұл сайлауға қайта түсе алмайды. Сондықтан қазіргі наразылықтар тек бүгінгі үкіметтің жағдайына ғана емес, Франциядағы келесі саяси кезеңге де әсер етуі ықтимал. Оңшыл күштер билікті қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ете алмады деп сынап отыр. Ал солшыл саясаткерлер әлеуметтік талаптарға қолдау білдіріп, полиция әрекетін сынға алды. Осылайша бір наразылық қозғалысы әртүрлі саяси топқа өз ұстанымын алға тартатын алаңға айналды.

Бірақ мұндай жағдай тек Францияда ғана емес. Еуропаның өзге елдерінде де халықтың тұрмысы мен мемлекеттік саясатқа қатысты наразылық саяси партиялар арасындағы бәсекені күшейтуі мүмкін. Бұл Еуроодақтың ортақ шешім қабылдауына ықпал ететін факторға айнала алады. Өйткені одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтері Украинаға көмек, санкциялар, энергетикалық саясат және қорғаныс шығындары жөнінде бірдей ұстанымда емес. Әр елдің ішкі саяси жағдайы күрделенген сайын ортақ шешімге келу де қиындай түсуі мүмкін. Сонымен қатар Еуропадағы наразылықтарды міндетті түрде саяси күйреудің белгісі деп қабылдауға болмайды. Демократиялық қоғамдарда шерулер мен ереуілдер азаматтардың билік шешімдеріне ықпал ету тәсілі саналады. Кей жағдайда олар үкіметтерді әлеуметтік саясатты өзгертуге және қоғаммен келіссөз жүргізуге мәжбүр етеді. Франция билігінің оқушыларға бірқатар жеңілдік ұсынуы – соның мысалы. Сондықтан қазіргі оқиғалардың нәтижесі билік пен қоғамның қандай шешімге келетініне байланысты болмақ.

Фото: ашық дереккөз/Франция

Еуропаны қандай қыс күтіп тұр?

Еуропадағы қазіргі ахуалдың алдағы уақытта қалай өрбитінін болжау қиын. Дегенмен қыс мезгілі жақындаған сайын әлеуметтік наразылықтың күшею қаупі бар. Егер Парсы шығанағындағы әскери қақтығыстар созылып, мұнай мен жанармай бағасы жоғары деңгейде қалса, энергияға сұраныстың артуы халықтың тұрмысын одан әрі қиындатуы мүмкін. Қымбатшылыққа жұмыссыздық пен әлеуметтік шығындардың қысқаруы қосылса, наразылық тағы да қарқын алады.

Францияда 5 қарашаға жоспарланған жалпыұлттық ереуіл қозғалыстың келесі бағытын айқындамақ. Егер жұмысшылар мен мемлекеттік қызметкерлер оған жаппай қосылса, үкіметке түсетін қысым күшейеді. Ал билік әлеуметтік талаптарды орындауға келіссе, жағдай біртіндеп тұрақталуы мүмкін. Дегенмен наразылық тек Франциямен шектелмей, Еуропаның өзге елдерінде де жалғасып жатқандықтан, оның саяси салдары болуы мүмкін. Әсіресе халықтың тұрмыс деңгейіне қатысты мәселелер сайлау алдындағы күрестің негізгі тақырыбына айналса, кейбір мемлекеттерде үкіметтің ауысуына немесе экономикалық саясаттың өзгеруіне алып келеді.

Еуропадағы ішкі тұрақсыздық Украинадағы соғысқа да әсер етеді. Әлеуметтік мәселелерді шешуге мәжбүр болған мемлекеттер Украинаға бөлінетін қаржы мен әскери көмектің көлемін қайта қарауға қатысты қысымға тап болуы мүмкін. Мұндай жағдай Ресейдің мүддесіне сай келгенімен, Батыстың бірлігі міндетті түрде әлсірейді деген сөз емес. Керісінше, сыртқы қауіп Еуропа мемлекеттерін қорғаныс пен қауіпсіздік мәселесінде бұрынғыдан да тығыз ынтымақтасуға итермелеуі мүмкін.

Франциядағы оқушылар наразылығы шағын әлеуметтік мәселенің қалай жалпыұлттық қозғалысқа ұласатынын көрсетті. Италияда – қымбатшылық, Испания мен Португалияда – баспана, Чехияда – ақпарат құралдарының тәуелсіздігі халықты көшеге шығарды. Талаптары әртүрлі болғанымен, олардың барлығы биліктен нақты өзгеріс күтеді. Сондықтан алдағы айларда Еуропа елдерінің алдында қиын таңдау болады. Билікке қорғаныс пен халықаралық міндеттемелерді, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды орындау қажет. Бұл міндеттердің арасынан тепе-теңдік табылмаса, наразылықтар саяси дағдарысқа ұласуы мүмкін.

Қазір Еуропадағы мәселе – көшедегі шерулерді тоқтату ғана емес, оларды туғызған әлеуметтік мәселелерді шешу. Өйткені соғыс пен экономикалық дағдарыс жағдайында мемлекеттің тұрақтылығы тек қаржы немесе әскер қуатына емес, халықтың билікке деген сеніміне де байланысты. Ал қазір Еуропада дәл осы сенім сынақтан өтіп жатыр.

Тұрсынбек БАШАР

Сайт Әкімшілігі