Саясат

Шешуші кезең келді

Алдағы 20 қазан Қазақстанда кезектен тыс өтетін президент сайлау күні болмақ. Неге ол сайлау қазақ халқының тағдырында шешуші рөл атқармақ?

Jasalash.kz

Себебі Қазақстанның тәуелсіз ел атанғанына биыл 31 жыл болады. Бірақ та Қазақстан толыққанды тәуелсіздікке әлі қол жеткізе алған жоқ. Оған дәлел – рухани тәуелсіздіктің басты атрибуты мемлекет құрушы қазақ ұлтының тілі Конституцияда мемлекеттік тіл болып аталса да, осы кезге дейін мемлекеттік тілдің рөлін орыс тілі атқарып отыр. Яғни біз рухани тәуелсіздікке қол жеткізген жоқпыз. Оның себебі Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бұрын отаршылдарға қызмет еткен шенеуніктер Кремльдің бақылауынан құтылғаннан кейін Қазақстанның саяси билігі мен материалдық байлығына ие болып, үкімет басында қалып қойды. Олар президент Назарбаевты тұңғыш президент, елбасы деп мадақтап, оның мансабын қорғайтын конституциялық заң шығарып, жеке басқа табыну жүйесін орнатып, Қазақстанда авторитарлы қоғам құрып, өздерінің топтық мүддесін халықтық мүддеден жоғары қойып, 30 жыл бойы Қазақстанда ойларына келгенін істеп бақты. Олардың мемлекет құрушы қазақ ұлтының ұлттық мүддесін қорғау үшін отарсыздандыру саясатын жүргізу ойларына келмеді. Соның салдарынан, қазақ халқының рухани-материалдық құндылықтары қорғалмай, ақыр соңында, қаңтар трагедиясына алып келді.

Егерде халық Тоқаевқа сенім білдіріп, соған дауыс берсе, ол алдағы жеті жыл уақытын Назарбаевтың отыз жылда жіберген қателіктерін түзеуге арнауы тиіс. Ондай жағдайда қазақ халқының ұлттық мүддесі қорғалып, рухани құндылықтары жаңғырып, ұлттық сапасы қалыптасып, дүниежүзінде дамыған отыз елдің қатарына қосылуы мүмкін.

Біз ұлттық мүддеге тәуелсіздігіміздің нығаюын, жеріміздің тұтастығын, тіліміздің дамуын, салт-дәстүріміздің өркендеуін жатқызамыз. Жоғарыда айтылған бес принцип толық орындалса, қоғамымызда азаматтық қоғам құрып, құқықтық мемлекет орнайтынына сенім мол. Тоқаев президент ретінде осы аталғандарды іске асырса, ол қазақтың патриот ұлы ретінде қазақ тарихына енетіні белгілі. Сондықтан да біз оған қолдау көрсетіп, осы мақсатқа қол жеткізу үшін еңбек етуіміз керек. Сонда ғана болашақ ұрпағымыз әділетті қоғамда бақытты өмір сүретін болады. Ол үшін адамдардың басын қосып, алға қойған мақсатқа жетуге жұмылдыратын ұлттық идеология керек. Ол идеология «Салауатты өмір салты» – деп аталады.

Ермек Мұқанғалиев
Тегтер: Без Тега