Қоғам

Шығыс Қазақстан облысында 600-ден астам мұғалімнің жеке деректері таралып кеткен

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында 600-ден астам педагогтың дербес деректерінің интернетке тарап кету қаупі анықталды.

pixabay.com

Аудан прокуратурасының мәліметінше, талдау барысында жергілікті мектептер мен балабақшалар мемлекеттік сатып алу порталында міндетті медициналық тексеру қызметтерін сатып алу туралы құжаттарды жариялаған кезде қызметкерлердің жеке мәліметтерін қоса орналастырған.

Соның салдарынан 611 қызметкердің толық аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), атқаратын қызметі, тұрғылықты мекенжайы және байланыс телефондары жарияланған. 

Прокуратураның қадағалау актісінен кейін заңбұзушылық толық жойылып, жарияланған барлық деректер ашық қолжетімділіктен алынып тасталды. Сонымен қатар заң талаптарын бұзуға жол берген жауапты лауазымды тұлғалар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды.

Прокуратура азаматтардың дербес деректерін заңсыз жинау, өңдеу немесе тарату үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Сайт Әкімшілігі