Аймақ

Шығыста жерге қатысты шырғалаң көп

Шығыс өңірде жер берілуі, әсіресе, пайдаланылмай қалған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару, қолда барды ұқсату жайына келгенде ала-құла мысалдар жетіп артылады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезінде жеке иелікке берілген жерлер нақты пайдаланылмаса, мемлекет меншігіне қайтару туралы талабы Шығыс Қазақстан облысында түрлі шырғалаңға толы.

Pixabay

Мәселен, Күршім ауданында жерді мемлекет меншігіне қайтару қарқынды жүргізіліп жатқан көрінеді. F16.kz сайтының хабарлауынша, биыл аудан әкімдігіне 4,5 мың гектар жерді қайтару міндеті жүктелген. Алайда бұл көрсеткіш бес айдың ішінде бірнеше есеге артық орындалыпты.

– 2026 жылға нысаналы мақсатына сай игерілмеген және пайдаланылмай жатқан 4,5 мың гектар жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару тапсырылған еді. Бес айдың ішінде жалпы аумағы 12 мың гектардан асатын жер мемлекетке қайтарылды, – деп мәлімдеген Күршім ауданының әкімдігі F16.kz-ке берген мәлімдемесінде.

Алайда, Күршім ауданы, Қойтас ауылының тұрғындарының жергілікті билік назарына ұсынған шағымына сүйенсек, жоғарыдағы “жетістік” шындықтан алшақ жатыр. Қойтастықтардың айтуынша, 2016 жылы Күршім аудандық жер қатынастары бөлімі мен Абай ауылдық округі әкімдігі «ДЕЕН» ЖШС-ға жер телімін бергенде шекарасын Қойтас ауылының дәл іргесіне таятып сызып берген. Соның салдарынан қазіргі күні ауылдағы кейбір үйлердің бақшасы мен қора-жайына дейін «ДЕЕН» ЖШС иелігіне өткен жер учаскесіне кіріп кеткен. Алайда жер телімін егіс алқабы ретінде сыздырып алған меншік иесі бүгінгі күнге дейін ол жерге ешқандай дәнді дақыл немесе көпжылдық шөп екпеген. Ауыл тұрғындары, 2016 жылдан бері бұл жер мақсатына сай пайдаланылмай бос жатқанын айтып ұлардай шулап отыр.

-Біздің Қойтас ауылының жайылысы тарылып қалды. Халық малмен ғана жан бағып отыр. Ал жайылымдық жер “ДЕЕН” серіктестігінің иелігіне өтіп кеткен. Жиналып облыстық әкімдікке шағымдануға мәжбүр болып отырмыз. “Күштінің арты диірмен тартады” дегендей, кезінде жерді иеленіп кеткен екен, бірақ, он жыл бойы иесі қайда қарап отырған.? Аудандық әкімдік те бұған дейін қайда қараған, қалайша назар аудармаған. Ал, енді міне, жерімізді қысып, тынысымызды тарылта бастады,-деп күйінеді Мұқият есімді ауыл тұрғыны.

Ал, Әділет Рымның сөзіне сүйенсек, он жыл бұрын шешім шықса да, ауылды дауға ұрындырған серіктестік тарапынан осы уақытқа дейін жерді игеруге қатысты ешқандай әрекет болмаған. “Енді биыл келіп, қазықтарын қағып жұмысшылары ауылды қоршай бастады. Баржоғы 23 метр жерді ғана тұрғын иелігіне қалдырып, өз иеліктеріне шекара жүргізу қаншалықты заңды?! Білуімізше кез келген ауылдық жердің аумағы бес шақырымға дейін жеке иелікке берілмеуі тиіс дейді. Бізге ең құрмаса, үш шақырымдық жер аумағын қалдырса да жөн болар еді. Ауыл халқы малмен күн көріп отыр. Сонда мал жаятын жер таппай отыруымыз керек пе?-дейді Әділет Рым.

Расында да малмен жан бағып отырған, басқа табыс көзі жоқ қойтастықтар «ДЕЕН» ЖШС-мен келісімге келуге тырысып, қоршауды шегіндіруді сұраған. Бірақ серіктестік басшылығы көпшіліктің өтінішіне құлақ аспаған көрінеді.

Түйіндеп айтқанда, барар жер, басар тауы қалмаған халық облыс әкімінен көмек сұрауға мәжбүр болып отыр. Сонымен қатар жауапты орындардан жекеменшікке берілген жер телімдерінің заңдылығын тексеруді талап етеді. Өйткені Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес, жекеменшік жер телімі ауылдан бірнеше шақырым қашық болуға тиіс. Ал Қойтастың мәселесінде бұл заң талабы өрескел бұзылғаны көрініп тұр. Сондай-ақ 2016 жылы егістік алқап ретінде берілген жерге осы уақытқа дейін соқа тимегені, бір түйір дән егілмегені де жасыруға болмайтын шындық болып отыр.

Ал, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі ШҚО бойынша департаментінің басшысы Ержан Айқымбековтің мәлімдеуінше, Шығыста жер телімдерінің берілу заңдылықтарын сақтауда тиісті талаптар ескерілмейді.

Жыл басынан бері департамент тарапынан 48 қызмет алушының құқығы қалпына келтірілген. Ең күрделі жағдайдың бір мысалы Марқакөл ауданында тіркелген.

“Жүргізілген тексеру барысында Жер кодексі талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Атап айтқанда, жер комиссиясы қажетті кворум болмаған жағдайда шешім қабылдаған. Заңнамаға сәйкес комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысуға тиіс болса, іс жүзінде тоғыз мүшенің тек үшеуі ғана қатысқан. Бұдан бөлек, лауазымды тұлғалар өтініш берушілерге бас тарту туралы шешім қабылдар алдында міндетті тыңдау рәсімін өткізбеген. Бұл Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптарына қайшы келеді және азаматтардың өтініштерінің нақты қаралу құқығын бұзады”-дейді Е. Айқымбеков жергілікті БАҚ-та жариялаған мәлімдемесінде.

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ,

Шығыс Қазақстан облысы

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: ШҚО