Қоғам

Шымбұлақта аспалы жолда тұрып қалған адамдарды тікұшақпен құтқарды

Алматыдағы Шымбұлақ тау курортында аспалы жолда қалған жолаушыларды тікұшақтың көмегімен эвакуациялау бойынша арнайы оқу-жаттығу ұйымдастырылды.

Фото: ашық дереккөз

Бұл – Орталық Азияда алғаш рет өткізілген күрделі тактикалық операциялардың бірі.

Жаттығу сценарийіне сәйкес, тау ішіндегі аспалы жол кенеттен тоқтап, кабиналарда қалған жолаушылар жерден шамамен 120 метр биіктікте қалып қойған. Апаттық жағдайдан адамдарды құтқару үшін оқиға орнына Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі авиациясының тікұшағы мен арнайы құтқару жасақтары жұмылдырылды.

Операцияға Алматы қаласы ТЖД құтқарушылары, ТЖМ авиациясы, Апаттар медицинасы орталығының мамандары және курорт қызметкерлері қатысты.

Жоғары биіктікте қалған жолаушылар арнайы ілмектер мен жабдықтардың көмегімен тікұшақ арқылы қауіпсіз жерге түсірілді. Құтқару іс-қимылдары толық форматта пысықталып, барлық кезеңдері тәжірибе жүзінде тексерілді.

Курорт әкімшілігінің мәліметінше, мұндай оқу-жаттығулар шұғыл қызметтердің өзара іс-қимылын күшейтіп, келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Сайт Әкімшілігі