Аймақ

Шымкент жұрты әлем чемпиондарын әуежайдан күтіп алды

Шымкент қаласы соңғы жылдары бұқаралық спорт пен кәсіби спортты қатар дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді.

Фото: vesti.kz

 Қала әкімдігінің қолдауының арқасында спорт инфрақұрылымы нығайып, жасөспірімдерге арналған спорт мектептері мен секциялар саны артып, нәтижесінде шымкенттік спортшылар халықаралық ареналарда ел намысын лайықты қорғап жүр.

Жақында Ливерпуль қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тарихи жетістікке жетіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынды иеленді. Отандастарымыз 7 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алды. Бұл жеңістердің ішінде Шымкент қаласының мақтаныштары – ағайынды Сабырхандардың табысын ерекше атап өтуге болады.

2023 жылы Ташкент төрінде чемпион атанған Махмұд Сабырхан бұл жолы да алтыннан алқа тағып, әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы атанды. Ал оның бауыры, небәрі 19 жастағы Төрехан Сабырхан алғаш рет әлем чемпионы атанып, ел тарихына ең жас чемпион ретінде енді. Олардың жетістігінде бапкер Ілияс Оралбековтің еңбегі зор екенін атап өткен жөн.

Екі дүркін әлем чемпионы атанып отырған Махмұд Сабырхан (55 келі) финалдық жекпе-жекте испаниялық Лозано Серраномен кездесіп, 5:0 есебімен еш қиындықсыз жеңіске жетті. Тағы бір айта кетерлігі, Махмұд Ливерпульдегі 5 жекпе-жегінің төртеуін айқын басымдықпен (5:0) ұтып, біреуін нокаутпен аяқтады.

Төрехан Сабырхан (70 келі) да ағасының жеңісті жолын жалғады. Қазақстан құрамасы сапындағы ең жас боксшы ақтық сында жоғары деңгейдегі бокс үлгісін көрсетіп, жапониялық Севон Оказаваны 3:2 есебімен жеңді. Төреханның шаршы алаңдағы ширақ қимылы мен мінсіз өнері бокс жанкүйерлерінің көңілінен шыққаны анық.

Шымкенттік чемпиондарды халықаралық әуежайдан қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысының міндетін атқарушы Ермек Дарменов, бокс федерациясының өкілдері, туыстары мен жанкүйерлері салтанатты түрде қарсы алды. Бұл – қала тұрғындарының спортқа деген сүйіспеншілігінің айқын көрінісі.

Айтулы додаға барлығы 68 елден 540 спортшы қатысқан болатын. Қазақстан құрамасы ерлер және әйелдер арасында өз тарихындағы үздік үшінші нәтижесін тіркеді. Алдағы уақытта боксшыларымызды әлем кубогының финалдық кезеңі, Азия чемпионаты және 2026 жылы Нагояда өтетін жазғы Азия ойындары секілді маңызды жарыстар күтіп тұр. Сонымен қатар 2027 жылы кезекті әлем чемпионаты Қазақстан Астанасында өтетінін айта кеткен жөн.

Шымкент қаласы әкімдігі спортшылардың осындай жетістіктерін қаладағы бұқаралық спортты дамытуға серпін беретін маңызды фактор ретінде қарастырады. Жыл сайын мегаполисте түрлі деңгейдегі спорттық жарыстар ұйымдастырылып, тұрғындардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасалып отыр.

Шымкенттік чемпиондардың жеңісі – қала үшін ғана емес, бүкіл ел үшін үлкен мақтаныш. Бұл табыстар жастарға үлгі болып, спортпен айналысуға деген құлшынысты арттыра түседі.

Еламан Өмірхан

Шымкент қаласы

Сайт Әкімшілігі