Шымкентте аудан әкімі жанжалдан кейін тәртіптік жазаға тартылды
Шымкент қаласының Қаратау ауданының әкімі Алмас Абаев тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қалалық департаменті хабарлады.
Ведомство мәліметінше, шенеунікке «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Мұндай шешім қалалық әкімнің өкімімен, Әдеп жөніндегі комиссияның ұсынысы негізінде қабылданған.
Тексеруге БАҚ-та жарияланған материал себеп болған. Осыдан кейін аудан әкіміне қатысты тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тексеру жүргізілген.
Іс материалдары Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Әдеп жөніндегі комиссиясының қарауына жолданған. Қарау нәтижесінде комиссия Алмас Абаевтың әрекеттерінде қызметтік әдеп нормаларын бұзу фактілері бар деген қорытындыға келген.
Қалалық әкімдік аппараты тәртіптік жаза қолданылғанын растады. Тиісті өкімге 2026 жылғы 6 сәуірде қол қойылған.
Департамент мәліметінше, бұл жағдай бойынша қосымша тексерулер жүргізілмеген.
Сонымен қатар, қаладағы мемлекеттік органдарға мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі талаптарын сақтау және осындай құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша профилактикалық шараларды күшейту қажеттігі туралы хат жолданған.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде футбол алаңында ер адам біреуге қол көтеріп жатқан видео тараған. Көпшілік бұл адамды Қаратау ауданының әкіміне ұқсатады. Осы оқиғадан кейін әкімдікте қызметтік тексеру басталған еді.