Қоғам

Шымкентте блефаропластикадан кейін бір көзінен айырылған әйелдің ісі бойынша үкім шықты

Шымкент қаласында сәтсіз пластикалық операциядан кейін бір көзінің көру қабілетінен айырылған әйелдің ісі бойынша сот үкімі жарияланды, деп хабарлайды «24KZ».

Фото: ЖИ

Тергеу мәліметіне сәйкес, медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болмаған әйел өзін білікті маман ретінде таныстырып, жәбірленушіге блефаропластика жасауға келіскен. Төменгі қабаққа жасалған түзету операциясы үшін ол 100 мың теңге алған. Бұған дейін дәл осы пациентке құлақ пішінін түзету операциясын да жасағаны белгілі болды.

Сотта жәбірленушінің алғашқы кездесуде маманның біліктілігіне қатысты күмәні болғаны айтылды. Әйел дәрігердің дипломы мен сертификаттарын сұрағанда, айыпталушы өзін жоғары медициналық білімі және қажетті құжаттары бар маман ретінде таныстырған. Алайда 2025 жылдың шілде айында жасалған қайталама операция кезінде ауыр асқынулар туындаған. Операция барысында күшті ісіну мен тоқтатуға келмеген қан кету байқалған. Соған қарамастан пациент үйіне жіберіліп, ісіктің уақыт өте басылатыны айтылған.

Арада он күн өткен соң әйел сол жақ көзінің көру қабілетін толық жоғалтқан. Кейін жәбірленушіге 100 мың теңге көлемінде өтемақы төленген. Медициналық бақылау органдарының тексеруі барысында айыпталушының медициналық лицензиясы мен тиісті сертификаттарының жоқ екені анықталды. 

Сот оны кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар үш жыл бойы медициналық қызметпен айналысу құқығынан айырды. Алайда сотталушының кәмелетке толмаған балалары бар екенін ескеріп, жазаны орындауды бір жылға кейінге қалдырды. Сондай-ақ моральдық зиян мен емделуге кеткен шығындарды өтеу туралы шешім шығарылды.

Бұл оқиға Қазақстандағы жеке клиникалар мен эстетикалық медицина саласындағы қауіпсіздік талаптарына қатысты мәселелерді қайта көтерді. Бұған дейін Алматыдағы жеке клиникалардың бірінде жоспарлы липосакциядан кейін блогер Сәуле Базарханның қайтыс болуы да қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.

Сайт Әкімшілігі