Қоғам

Шымкентте ер адам бұрынғы әйелінің үстіне қышқыл шашып, бет-жүзін күйдіріп тастаған

Шымкентте ер адам бес жыл бұрын ажырасқан бұрынғы әйеліне қышқыл шашып, ауыр жарақат келтірді. Ерлі-зайыптының ортақ баласы бар.

Фото: әлеуметтік желіден

Жәбірленуші сұлулық салонында жұмыс істейді.

Алдын ала мәлімет бойынша, шабуыл жасалған күні ер адам әйелге басқа нөмірден хабарласып, өзін клиент ретінде таныстырған. Ол кешкі уақытта қабылдауды сұрап, салонға қышқыл құйылған ыдыспен келген. Кейін затты әйелдің үстіне шашқан.

Жәбірленуші басы, беті, мойны, кеудесі, қолы, арқасы мен иығынан ауыр күйік алған. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр.

Алдын ала болжам бойынша, жанжалға несие және алимент төлеуге қатысты мәселелер себеп болуы мүмкін.

Күдікті ұсталды. Осы факті бойынша Қаратау аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. Аталған бап бойынша үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Сайт Әкімшілігі