Шымкентте интернет-алаяқтыққа қатысы бар шетелдік ұсталды
Шымкентте киберполиция интернет-алаяқтық схемасына қатысы бар шетелдік азаматты ұстады.
Күдікті жедел-іздестіру іс-шаралары барысында анықталып, қолға түскен. Полиция мәліметінше, ол Алматы қаласында тұрып, интернет арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерді ұйымдастырған.
Тергеу барысында алаяқтардың азаматтарға қоңырау шалып, өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкерлері ретінде таныстырғаны белгілі болды. Олар жәбірленушілерді психологиялық қысым арқылы алдап, ақшаларын «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірген.
Қазіргі таңда алаяқтықтың үш дерегі тіркеліп, келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 8 миллион теңге болды.
Сондай-ақ ұрланған қаражат аударылған шоттар да анықталған. Аталған шоттар Алматыда тұратын төрт шетелдік студенттің атына рәсімделген. Олардың банк карталары заңсыз пайдаланылып, қаражатты қолма-қол ақшаға айналдыру және әрі қарай аудару үшін қолданылған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.