Шымкентте түрмеде отырып 1,3 млрд теңге жымқырған Элмира Дүйсенқызы 10 жылға сотталды
Шымкентте жекеменшік оқу орындарының құрылтайшысы Эльмира Дүйсенқызына қатысты үкім шықты.
Ол бюджеттен 1,3 миллиард теңге жымқырғаны үшін кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл – оның үшінші соттылығы. Тергеу мәліметінше, ол миллиардтаған теңгені жымқыру схемасын түрмеде жазасын өтеп жүрген кезінде де басқарған.
«Елес студенттер» арқылы миллиардтар игерілген
Тергеу нұсқасына сәйкес, 2018–2023 жылдары Эльмира Дүйсенқызы Оңтүстік Қазақстан жоғары медицина колледжі мен Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжінің иесі ретінде жалған оқыту жүйесін ұйымдастырған.
Қылмыстық схемаға колледж директорлары, бухгалтерлер және сенімді тұлғалар қатысқан.
Олардың әрекеті мынадай болған:
колледждерге іс жүзінде оқымаған адамдар студент ретінде жаппай тіркелген;
сол «елес студенттерге» мемлекеттік білім беру тапсырысы мен кадрларды қайта даярлау бағдарламалары аясында бюджеттен қаржы бөлініп отырған;
есеп үшін жалған бұйрықтар, орындалған жұмыстар туралы жалған актілер дайындалып, өзге адамдардың электронды цифрлық қолтаңбалары заңсыз пайдаланылған;
ақылы бөлімде оқыған студенттер құжат жүзінде мемлекеттік грантта оқитындар ретінде рәсімделіп, бөлінген қаржы иемденілген.
Сонымен қатар, Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Оңтүстік Қазақстан гуманитарлық-қаржы колледжі іс жүзінде мүлде жұмыс істемеген. Ол тек бюджет қаражатын заңсыз игеру үшін қағаз жүзінде ғана болған.
Қылмыстық схеманы түрмеден басқарған
Іс бойынша ең ерекше жайттардың бірі – Эльмира Дүйсенқызының бұрынғы үкімі бойынша колонияда жазасын өтеп жүрген кезінде де колледждердегі қылмыстық әрекеттерді басқаруын жалғастырғаны. Бұған дейін ол өзіне тиесілі жекеменшік мектеп арқылы мемлекеттік қаржыны жымқырғаны үшін сотталған.
Дубайдағы пәтер мен қымбат көліктерге тыйым салынды
Тергеу барысында айыпталушылар мемлекетке ерікті түрде небәрі 65 миллион теңге қайтарған.
Қалған шығынды өтеу мақсатында Қаржылық мониторинг агенттігі сотталғанның мына мүлкіне тыйым салды:
үш элиталық тұрғын үй;
үш пәтер, оның ішінде Дубайдағы жылжымайтын мүлік;
үш қымбат автокөлік.
КҰҚ мен білім басқармасының бұрынғы басшыларын әшкерелеген
Эльмира Дүйсенқызының есімі бұған дейін де бірнеше резонансты жемқорлық ісінде аталған. Өткен жылы ол екі атышулы сот процесінде негізгі куәгер әрі жәбірленуші ретінде жауап берген.
Дәл оның арызы мен айғақтарының негізінде Шымкент қаласы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменті бастығының бұрынғы бірінші орынбасары Манат Сарбасов пен Түркістан облыстық білім басқармасының экс-басшысы Ғалымжан Жұмашев пара алғаны үшін сотталған.
Алайда тергеу мәліметінше, кәсіпкер құқық қорғау органдары мен мемлекеттік қызметкерлерге пара беру арқылы өзіне тиесілі «елес колледждердің» заңсыз қызметін бүркемелеуге тырысқан.