ШҚО әкімі Ақжардағы әлеуметтік нысандардың жұмысымен танысты
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Тарбағатай ауданы Ақжар ауылындағы ауруханаға барды.
Биыл медициналық мекеменің инженерлік желілері мен мәйітхана ғимараты толық жаңартылып, емхана бөлімшесі күрделі жөндеуден өтіп жатыр.
Ауданда стационарлық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығын ашу мәселесі қарастырылуда. Аталған жоба бұрынғы фтизиопульмонологиялық аурухана ғимараты базасында жүзеге асырылмақ. Қазіргі таңда нысан толық санитарлық-дезинфекциялық өңдеуден өтіп, медициналық және әлеуметтік бағытта пайдалануға жарамды деп танылған.
Жаңа орталық мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, психоневрологиялық сырқаты бар балалар мен ересектерге, ұзақ мерзімді оңалтуды қажет ететін тұрғындарға кешенді қызмет көрсетуге бағытталады.
Сондай-ақ аймақ басшысы Amanat партиясының Тарбағатай аудандық филиалының жаңа ғимаратының ашылу салтанатына қатысты. Жалпы аумағы 38 шаршы метрді құрайтын жаңа кеңсе қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Одан соң Нұрымбет Сақтағанов аудан жастарымен кездесіп, қойылған сұрақтарға жауап берді.
«Жастар Алаш ардақтысы Мағжан Жұмабаев айтқандай «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты» болуларыңыз керек. Сол үшін тынбай еңбектеніп, өздеріңізді дамытып, білімдеріңізді арттыра беріңіздер. Себебі ел болашағы сіздердің қолдарыңызда», - деді ол.
ШҚО әкімі Абай орта мектебіне барып, «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагерінің ашылуына қатысты. Бұл білім ордасы өзінің таланатты түлектерімен, бай дәстүрлерімен танымал. Бүгінде мұнда 750-ге жуық бала білім алады.
Онда STEM зертханасы, телестудия, ART-студия, лингафон кабинеті, педагог-психолог және дефектолог кабинеттері, көркем еңбек шеберханалары, ата-аналарды қолдау орталығы мен заманауи оқу кабинеттері жұмыс істейді. Өңір басшысы мектепте оқушылармен әңгімелесті. Бұдан бөлек, білім ошағындағы телестудияның жас тілшісі Нұрым Ертайұлына сұхбат беріп, оған журналистика жолында сәттілік тіледі.