Өңір

ШҚО әкімі тұрғындарды қабылдады: жылу, тұрғын үй және кәсіпкерлік мәселелері көтерілді

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов кезекті жеке қабылдау өткізіп, өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін тыңдады.

Фото: gov.kz

Қабылдауға облыстық басқармалар мен жергілікті атқарушы органдардың басшылары қатысып, азаматтардың сауалдарына жауап берді.

Кездесу барысында тұрғындар тұрғын үй құрылысы, коммуналдық инфрақұрылым, кәсіпкерлік бастамаларды қолдау және әлеуметтік мәселелерге қатысты өтініштерін жеткізді. Аймақ басшысы әрбір мәселені жеке қарастырып, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.

Қабылдауға келген Өскемен қаласының Оңтүстік ауыл көшесінің тұрғындары жеке сектордағы үйлердің ұзақ жылдар бойы орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмай келе жатқанын айтып, бұл мәселені шешуге қолдау көрсетуді сұрады.

Өскемен қаласының әкімі Алмат Ақышов қазіргі уақытта аталған аумақты жылу желісіне қосуға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жоба бойынша құжаттарды дайындау жұмыстары 2026 жылдың екінші тоқсанында аяқталады деп жоспарланып отыр.

Өз кезегінде Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобаны қаржыландыру үшін тиісті бюджеттік өтінім дайындауды тапсырды. Облыс әкімі қажетті қаражат бөлінген соң құрылыс-монтаж жұмыстары басталатынын атап өтті.

Қабылдау барысында көтерілген тағы бір маңызды мәселе – Өскемен қаласындағы Есенберлин даңғылы, 33 мекенжайында салынып жатқан «Ray Residence» тұрғын үй кешенінің құрылысына қатысты болды. Бірнеше азамат құрылыс компаниясының өз міндеттемелерін орындамай отырғанына және тұрғын үй құрылысының аяқталмай қалғанына шағымданды.Тұрғындардың айтуынша, олар пәтер сатып алу үшін қаражат салғанымен, нысан әлі күнге дейін пайдалануға берілмеген. Осыған байланысты облыс әкімі мәселенің заң аясында шешілуі қажет екенін айтты.

«Әрбір азаматтың құқығы қорғалуы тиіс. Тиісті мемлекеттік органдар бұл мәселені заң талаптарына сәйкес қарастырады. Зардап шеккен тұрғындарға қажетті құқықтық көмек көрсетіледі», – деді өңір басшысы.

Кездесуде кәсіпкерлік бастамаларға қатысты ұсыныстар да қаралды. Өңір тұрғыны Арман Зиятов Шығыс Қазақстанның туристік әлеуетін дамытуға бағытталған жобасын таныстырды. Оның жоспарына сәйкес, өңірде панорамалық терезелері бар заманауи A-frame форматындағы демалыс үйлерін салу көзделген.Жоба авторының пікірінше, мұндай нысандар ішкі туризмді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірге қосымша инвестиция тартуға мүмкіндік береді.

Нұрымбет Сақтағанов бұл бастаманың перспективалы екенін атап өтіп, облыстық Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына кәсіпкерге мемлекеттік қолдау тетіктерін түсіндіріп, жобаны іске асырудың нақты мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды.

Жеке қабылдау барысында көтерілген өзге де мәселелер назардан тыс қалған жоқ. Облыс әкімі тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштерін мұқият тыңдап, олардың әрқайсысы бойынша заң аясында тиісті шешімдер қабылданатынын жеткізді.

Кездесу қорытындысында Нұрымбет Сақтағанов азаматтардың өтініштері тұрақты бақылауда болатынын айтып, мемлекеттік органдардың басты міндеті халықтың мәселелерін уақытылы әрі тиімді шешу екенін атап өтті.

Сайт Әкімшілігі