ШҚО-да алтынды заңсыз өндірді деген күдікпен 76 адам ұсталды
Шығыс Қазақстан облысында құрамында алтыны бар шикізатты заңсыз өндіру және өңдеумен айналысқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдіктілер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінің заңды қызметін бүркемелеп, заңсыз кен өндіру схемасын ұйымдастырған. Жедел іс-шаралар барысында 63 адам, оның ішінде ұйымдастырушылар мен жетекшілер ұсталды. Сондай-ақ өңірде заңсыз жұмыс істеген шет мемлекеттің 13 азаматы қолға түсті.
Тінту кезінде бірнеше автокөлік пен арнайы техника, 40 мың АҚШ долларынан астам қолма-қол ақша, құрамында алтыны бар шикізат пен алтын, сондай-ақ заңсыз қызметті дәлелдейтін құжаттар мен өзге де айғақ заттар тәркіленді. Алдын ала мәлімет бойынша, заңсыз кен өндіру салдарынан қоршаған ортаға елеулі зиян келтірілген.
Тергеу деректеріне сәйкес, топырақ жамылғысы бүлініп, табиғи ландшафт өзгерген және экожүйеге зиян келген. Экологиялық шығын көлемі сараптама нәтижесінде анықталады. Қазір бағалы металдардың заңсыз айналымы, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген залалға қатысты бірнеше бап бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
ІІМ мәліметінше, тергеу барысында қылмыстық схемаға қатысы бар өзге тұлғаларды анықтау және олардың әрекеттеріне құқықтық баға беру жұмыстары жалғасуда.