Өңір

ШҚО-да екі жаңа әуежай салынып жатыр

Шығыс Қазақстан облысында көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы ірі жобалардың бірі – Зайсан және Катонқарағай аудандарында жаңа әуежайлар салу жұмыстары қарқынды жалғасып жатыр. Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлімдеді.

Фото: pixabay.com

Өңір басшысының айтуынша, авиациялық инфрақұрылымды дамыту облыстың көлік қолжетімділігін арттырып қана қоймай, туризм саласының дамуына, инвестиция тартуға және шалғай аудандардың экономикалық әлеуетін күшейтуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған жобалар бүгінде жоспарға сай жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда Зайсан ауданындағы әуежай құрылысы аяқталуға жақын. Нысан бойынша құрылыс жұмыстарының 76 пайызы орындалған.

«Зайсан әуежайында ұшу-қону жолағы, рульдеу жолы мен перрон құрылысы толық аяқталды. Қазіргі уақытта терминал ғимаратын, инженерлік желілерді салу, аумақты абаттандыру, қоршау орнату және кіреберіс жолдарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілуде», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Ал Катонқарағай ауданында салынып жатқан әуежай құрылысының орындалу деңгейі 55 пайызға жеткен. Мұнда жасанды ұшу-қону жолағына асфальтбетон жабынының екінші қабатын төсеу, инженерлік инфрақұрылымды тарту, қызметтік ғимараттарды салу, сондай-ақ қоршау мен кіреберіс жолдарды жабдықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Жоспар бойынша Зайсан әуежайының құрылысы осы жазда аяқталса, Катонқарағайдағы нысанды пайдалануға дайындау жұмыстары күздің басында аяқталады. Ал қажетті сертификаттау рәсімдері өткеннен кейін екі әуежай да жыл соңына дейін толыққанды пайдалануға беріледі.

Жаңа нысандардың іске қосылуы өңір тұрғындары үшін ғана емес, туристер үшін де үлкен мүмкіндік болмақ. Әсіресе табиғаты көркем Катонқарағай мен Зайсан өңірлеріне қатынау жеңілдеп, туристік бағыттардың тартымдылығы артады деп күтілуде.

Облыс әкімінің мәліметінше, әр әуежайда 57 тұрақты жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар құрылыс кезеңінде 320 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Бұл өз кезегінде жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылуына оң әсерін тигізіп отыр.

Жаңа әуежайлардың операторлық қызметін «Өскемен әуежайы» акционерлік қоғамы жүзеге асырады. Қазіргі уақытта болашақ әуе бағыттарын қалыптастыру және авиакомпанияларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Алғашқы кезеңде Зайсан мен Катонқарағайдан Өскемен, Астана және Алматы қалаларына тұрақты ішкі рейстер ашу жоспарланған. Кейіннен халықаралық бағыттарды іске қосу мүмкіндігі де қарастырылмақ.

Сонымен қатар өңір билігі Өскемен қаласынан еліміздің басқа өңірлеріне жаңа субсидияланатын рейстер ашу мәселесін көтеріп отыр. Атап айтқанда, Ақтау, Атырау, Ақтөбе және Түркістан қалаларына әуе қатынасын ұйымдастыруға қызығушылық бар. Осыған байланысты тиісті ұсыныстар Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне жолданған.

«Бұл жобалардың жүзеге асуы өңірдегі жолаушылар ағынын қазіргі 700 мың адамнан 800 мың адамға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар туризмнің дамуына және өңір экономикасының жандануына қосымша серпін береді», – деді облыс әкімі.

Үкімет отырысында Қазақстанның азаматтық авиация саласындағы жетістіктері де сөз болды. Қатысушылар еліміздің ұшу қауіпсіздігі деңгейі жоғары екенін және оның ICAO халықаралық ұйымының талаптарына толық сәйкес келетінін атап өтті. Соның нәтижесінде Қазақстан авиациялық қауіпсіздік көрсеткіштері бойынша әлемдегі үздік 20 елдің қатарына енді.

Биыл республика бойынша 11 халықаралық әуе бағытын ашу немесе қайта іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында Астана – Ұлан-Батыр, Алматы – Токио, Астана – Гуанчжоу, Қостанай – Ташкент және Алматы – Измир бағыттары бар.Ал Өскемен әуежайында қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында цифрлық технологиялар кезең-кезеңімен енгізілуде. Қазір мұнда жолаушылар мен багажды автоматты тіркеу жүйелері, электронды құжат айналымы, цифрлық ақпараттандыру платформалары, бейнебақылау және қолжетімділікті бақылау жүйелері жұмыс істейді. Сондай-ақ әуе тасымалдарын басқарудың заманауи технологиялары енгізіліп жатыр.

Үкімет отырысында авиация саласына маман даярлау мәселесі де көтерілді. Соңғы төрт жыл ішінде елімізде авиациялық мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер саны 72 пайыздан астам өскен.

Шығыс Қазақстан облысының басшылығы авиация саласын дамыту өңірдің стратегиялық басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Жаңа әуежайлардың іске қосылуы облыстың көлік әлеуетін күшейтіп, туристік тартымдылығын арттырумен қатар, өңір экономикасының жаңа даму мүмкіндіктерін қалыптастыруға жол ашады.

Сайт Әкімшілігі