Қоғам

ШҚО-да Қызыл кітапқа енген балықтарды аулаған браконьерлер ұсталды

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы мен ҰҚК-нің ШҚО бойынша департаменті қызметкерлері Марқакөл ауданында ауқымды операция жүргізді.

Фото: Полиция

Жедел іс-шаралар нәтижесінде Қызыл кітапқа енгізілген балық түрлерін заңсыз аулауды кәсіпке айналдырған 23 пен 50 жас аралығындағы алты адамнан құралған қылмыстық топтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылды.

Марқакөл және Урунхайка ауылдарында жүргізілген тінту барысында бағалы балық түрлерінің 700 келіден астамы, оның ішінде ускуч пен хариус балығы, сондай-ақ 200 литрден астам ускуч уылдырығы тәркіленді.

Бұдан бөлек, күдіктілерден пайдалануға тыйым салынған ау құралдары, балық аулау жабдықтары, қысқы балық аулауға арналған құрылғылар, радиостанциялар және оқ-дәрілер алынды.

Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Сот санкциясымен күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта құқыққа қарсы әрекеттің барлық мән-жайын анықтауға, ықтимал сыбайластарын және заңсыз жолмен алынған өнімді өткізу арналарының жолдарын белгілеуге бағытталған кешенді тергеу шаралары жүргізілуде.

Сайт Әкімшілігі