Саясат

Шовинист шатақ шығарғанда, шенеунік неге үнсіз?

Қостанайда өткен сот бүкіл қазақтың емес, қазақ билігінің дәрменсіздігін тағы да айқындап берді.

Jasalash.kz

  Бүкіл мемлекетқұрушы ұлтты тілдеген, қазақты маймылға теңеген  рудныйлық Кирилл Божко бар-жоғы бес күнге қамалды. Сөйтіп, қылмыстық жазадан тез құтылып кетті.

     Әлімсақтан солай. Тарихи отаны бар орыстар отыз жыл өтсе де, Ресейге қарай ұлуын қояр емес. Қоймайды да. Бұл біздің қазақтың толеранттылығы ма? Бұл да бар. Мұны да жоққа шығаруға болмайды. Отыз жыл бойы билік Қазақстандағы халықтар достығы мен татулықты құр сөзбен ұрандатып келді. Жалған интернационализмді халықтың санасына сіңіріп үлгерді. Бірақ уақыт өткен сайын мұның барлығы бос әңгіме екені айқын көріне бастады. Өйткені Қазақстандағы шовинистердің саны  азайған жоқ. Қайта көбейіп барады. Божколардың бос кеудесін басу үшін  не істеу қажет?

      Мемлекеттік саясат толыққанды жүргізілуі қажет. Біздің елде тұрып, өзі су ішкен құдығына түкірген Божко сияқтыларға заң қатал болуы керек. Қысқасы, Ресейдің, Путиннің көңіліне қарап сөйлейтін уақыт өтті. Путин жүргізген саясаттың қандай сұрқия екенін бүкіл әлем біліп отыр. Онда неге қорқамыз? Өйткені қазақ билігі жалтақ.

      Қарапайым  қазақ халқы  осы жалтақтықтың зардабын тартып келеді. Ал біздегі орыстар орманына қарап ұли береді. Қазақ елінде тұрып, орыс орманына қарап ұлитындарды қалай тоқтатамыз?  Сұрқия пиғылды сұмдарға халық та наразы. Ниеті таза емес ресейшіл «қазақстандық орыстардың» арынын кім басады? Бұл ең алдымен біздің мемлекеттік билікте ауысып жүре беретін, креслодан басқаны ойламайтын шенеуніктерге байланысты. Отаныңды жамандап жатса да, олар орынтағын ойлайды. Шовинистер тіл қатса да, біздің шенеуніктер үн қатпайды. Өйткені олардың өзі отаншыл емес. Бір ғана мысал, егер Түркияда осындай жағдай орын алса, президент Ердоғаннан бастап, бүкіл шенеуніктері өре түрегеледі. Ұлтқа, мемлекет тұтастығына қарсы айтылған пікірді бірден жоққа шығарады. Заң аясында жазаға тартады. Сөйтіп, ел ішіне іріткі салатындардың арынын басады. Ақылға шақырады.  «Бұл – сенің Отаның» деп, түрік мемлекетінің мықты екенін кез келген азаматтың санасына сіңіреді, ақыры мойындатады.

      Ал біздің шенеуніктер үнсіз. Мемлекеттігіңді мойындамай, негізгі ұлт – қазақты жамандап жатса да, оларға бәрібір. Біріншіден, біздің шенеуніктерде  намыс жоқ. Екіншіден, жоғарыда айтып өткеніміздей, олар қандай жағдайға қарамастан,  тек қана қызмет баспалдағымен жоғары өсуді, өз мансабын ғана ойлайды. Ал лауазым қуған мансапқор, шала шенеунік  қашанда екіжүзді болып шығады. Үшіншіден, біздің жоғары мемлекеттік билікте жүрген шенеуніктердің барлығы да орысшыл. Санасы еркін, қазір жиі айтылып жүрген бір сөз тіркесін біз де қолдансақ былай: Ресей тілінде сөйлеп, тәуелсіз Қазақ елін басқарып жүрген біздің шенеуніктерде саяси сана еркіндігі жоқ. Мемлекетшіл емес. Ал сана еркіндігі болмаған жерде Божколар білгенін істейді, бей-берекет әрекет ете береді. Тәуелсіз Қазақстандағы шовинистердің еркінсуінің ең басты себебі де осы.

      Тағы бір себеп – заң солқылдақ. Божконы бес күнге қамаған сот та, судья да жалтақ. Ұлтыңды ғайбаттап, мемлекеттігіңе нұқсан келтіретіндердің жазасы қатал болуы керек. Қылмыстық жазаға тартылуы қажет. Әйтпесе олар осылай ойына келгенін айта береді. Бес күннен соң, Божколар тағы да тайраңдайды. Оған бұрыннан ел ішіне іріткі салып жүрген отандасымыз деуге аузымыз бармайтын Тайчыбековтің оқиғасы дәлел. Іргемізге сына қағып, «қазақ тәуелсіз ел бола алмайды, Қазақстан Ресейге өз еркімен қосылуы керек» деп жүрген Тайчыбеков Қостанай соты Божкомен әуре болып жатқанда тағы да тіл қатты. Тәуелсіздігімізге күмәнмен қарайтын Тайчыбеков ұлтаралық араздықты қоздырғаны үшін ұсталды. Екі айға ғана қамауға алынды. Еркін Тайчыбеков отыз жыл бойы еркінсіді.  Бұрын да осы тақылеттес баппен істі болды. Сотталды. Бірақ  оны ешкім тоқтата алмады. Неге? Өйткені тиісті орындар еркінсіген Еркінмен тиісті жұмыс жүргізе алған жоқ.

     Тағы бір мысалға жүгінелік, өткен жылы мектеп оқушысы Шешенстанмен мақтана алмайтынын  айтып, өз бейнеүндеуін интернет жүйесіне салды. Ертеңіне оны ел президенті Рамзан Қадыров кабинетіне арнайы шақырып, ұзақ сөйлесті. Қадыровтың кабинетінен бала күлімдеп шықты. Президент Шешенстанмен, шешен халқымен мақтану керегін айтып, баланың жан дүниесіне, санасына мақтаныш сезімін ұялатты.  Ол оқушы енді ешқашан өз Отаны – Шешенстанды жамандамайды. Біздің бір министр осындай тағылымды әрекет жасай алды ма? Президентті айтпай-ақ қоялық, татулықты ту еткен ассамблеяның орынбасарлары  Тайчыбеков пен Божколарды шақырып алып, бір сөйлесті ме екен?!

     Бастысы – біздің шенеуніктер намысшыл емес. Олар алдымен тәуелсіз елдің, мемлекеттің, мемлекетқұрушы ұлттың абыройын терең ойлауы қажет. Сонда ғана Тайчыбековтер тайраңдамайды, Божколар бір нәрсені бүлдірмейді. Коммунистер ұлтшылдарды жамандап, прокуратураға шағым түсірмейді, шымкенттік Көпбаевтар ұлтжандылықтан қорқып, интернационалистердің партиясын құруға жанталаспайды. Елдің ұлттық идеологиясы болмаған жерде ұлт осылай ұтыла береді. Ендеше, қазақ халқына алғыс айтудың орнына қарғыс айтатындар қатаң жазаға тартылуы керек.

Батыр Жасұлан
Тегтер: Без Тега