Әлеумет

Щучинскіде «Палау орталығындағы» жарылыс ісі бойынша сот басталды

Щучинск қаласында «Палау орталығындағы» жарылысқа қатысты сот процесі басталды.  Дәмхана иесі, газ құю бекетінің директоры және газ баллондарын жеткізушісі айыпты деп танылған.

Фото: скриншот

Олар зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстарынан кешірім сұрағанымен, өз кінәларын мойындамады.

Қайғылы оқиға биыл 26 ақпанда болған. Қатты жарылыстан кейін дәмханада өрт шығып, салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 16 адам түрлі жарақат алған.

Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің басым бөлігі қоғамдық тамақтану орнының қызметкерлері болған.

Тергеу нұсқасына сәйкес, апатқа ақауы бар газ баллоны себеп болған.

Мемлекеттік айыптаушы Елена Сайлаубекованың айтуынша, жарылыстың техникалық себебі дәмхананың жеке бөлмесінде газ бен ауаның жарылыс қаупі бар қоспасының түзілуінен болған. Айыптау тарапының мәліметінше, асүй дәлізінде тұрған газ баллоны жарылып, газ сыртқа шыққан.

Қылмыстық іс бойынша тергеу төрт айға жуық уақытқа созылған.

Айыпталушыларға тұрмыстық газ баллондарын пайдалану және қауіпсіздік талаптарын бұзды деген айып тағылып отыр.

Сотта айыпталушылар өздерінің жүздерін бейнекамераға көрсетуге тыйым салды. Олар зардап шеккендер мен қаза тапқандардың жақындарынан кешірім сұрағанымен, тағылған айыппен келіспейтіндерін мәлімдеді.

Зардап шеккендердің бірі Сайлау Рахымжанов жарылыс сәтін толық есіне түсіре алмайтынын айтты.

«Тек көзімді жұмып, бетімді жауып үлгердім. Қазір ауруханадан шыққаннан кейін жағдайым біршама жақсарды. Қолым жазылып келеді», – деді ол.

Оның айтуынша, соттан күтетін жалғыз нәрсе – әділ шешім.

Іс бойынша сот талқылауы жалғасып жатыр.

Сайт Әкімшілігі