Шығыс Қазақстанда ауылдар дамып келеді: Бозанбайда заманауи спорт кешені ашылды
Шығыс Қазақстанда ауылдар дамып келеді: Бозанбайда заманауи спорт кешені ашылды
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бозанбай ауылында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Нысанның ашылуы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың ауданға жұмыс сапары аясында өтті. Спорт кешені "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша салынып, Қазақстан Тәуелсіздігінің алдағы 35 жылдығына орай пайдалануға берілді.
Ауыл тұрғындары үшін бұл жай ғана жаңа ғимарат емес, үйіне жақын жерде спортпен шұғылдануға, бос уақытын пайдалы өткізуге және балаларды ерте жастан белсенді өмір салтына баулуға мүмкіндік беретін нысан. Әсіресе, кешеннің көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балалар үшін де қолжетімді болуы маңызды.
Жалпы ауданы 1,2 мың шаршы метрден асатын екі қабатты ғимарат бірнеше спорт залымен жабдықталған. Мұнда жаттығу залы, шағын футбол мен волейбол алаңдары, сондай-ақ боксқа арналған жеке зал қарастырылған.
Жаңа нысан бұқаралық спортты дамытуға, балалардың қабілетін шыңдауға және жас спортшылардың заманауи жағдайда жаттығуына мүмкіндік береді. Сонымен қатар кешен әртүрлі жастағы тұрғындардың дене шынықтырумен айналысып, бос уақытын белсенді әрі қызықты өткізетін орнына айналмақ.
Ауылдық елді мекендерде спорт инфрақұрылымын дамыту – халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы маңызды жұмыстардың бірі. Өйткені спорттың қолжетімді болуы, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің дені сау болып, жан-жақты қалыптасуына тікелей ықпал етеді.
Енді Бозанбай тұрғындары спортты күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдыруға мүмкіндік алды.