Шымкентте кәріз проблемасы толық шешімін табады
Соңғы он жылда Шымкентте 4782 шақырым су құбырының 947 шақырымы қайта жөндеуден өткізілген.
Нәтижесінде әр 100 шақырымға шаққанда апатты жағдай 33 пайызға азайған. Сондай-ақ 2018 жылы 51 шақырым су және 4,3 шақырым кәріз жүйесі жаңартылған.Мекемедегі құрылғылар цифрландыру бағдарламасы бойынша жұмыс істегелі Шымкенттегі ауыз су 95 пайызға тазарған. Қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС бақылау кеңесі төрағасы Анарбек ОРМАННЫҢ мәлімдеуінше, мегаполистегі судың сапасы өте жақсы. Қаладағы кәріз жүйелерінен күн сайын 100 мың текше метр қалдық су шығарылады екен. Бұл орайда «Биомех» ЖШС-нің директоры, тазалау құрылғыларын пайдалану бөлімінің басшысы И. Казаринова көп қабатты үйдегі тұрғындар түрлі зат тастайтынындықтан құбыр бітеліп жарылатынын, жағымсыз иіс бүкіл үйді алып кететінін айтып өтті. Төтенше жағдайда жөндеу жоспарға кірмейтіндіктен, ақылы атқарылады. «Бітелген құбырды тазалағанда ішінен тамақтан басқа қағаз, тарақ, қысқасы тіс щеткасына дейін табылады. Ол үшін арнайы қоқыс контейнері бар емес пе? Тұрғындар әлі күнге дейін құбырды пайдалану мәдениетін меңгермеуде»,- деді бөлім басшысы. Шымкент қаласында 130 мыңдай жеке үйдің 11 мыңы ғана орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. Анарбек Оңғарұлының айтуына қарағанда, жұмысты атқару бойынша тендерді кәсіби біліктілігі аз мекемелер ұтып алып, істі шала бітірмегенде кәріз жүйесіне қосылғандар қатары тағы 17 мыңға көбейетін екен.«Былтыр облыс пен қала бюджеті бөлінгенде қаралған қаржы облыстың еншісіне кетті. Ал жеке үй иелері өздеріне қосу үшін әрқайсысы 500 мыңнан бастап 1 млн. теңгеге шығындалады. Оған тұрғындардың жағдайы келмесі белгілі. Әзірге берілген 8 млрд. теңгенің жартысы игерілді. Енді қалғанын бөлсе 17 мың үйдің бұл мәселесі шешімін табады. Жалпы, қала шетіндегі жеке үйлердің 85 пайызына кәріз жүйесі тартылмаған. Біз 2029 жылға дейін барлық жеке үйлердегі осы қиындықты шешу мақсатында арнайы бағдарлама жасап, әкімшілікке ұсынатын боламыз және оң шешімін табуына мүдделілік танытамыз», — деді А.Орман.Үшінші мегаполисте құбырмен келетін бір литр ауыз судың бағасы — 8 тиын. Судың арзандығын білетін тұтынушылар күніне 130 литр су пайдаланады екен. Дамыған елдерде бұл көрсеткіш 80-90 литр көлемінде. Бұл жерде біздің елде суды ішуден бұрын, орынсыз шашып-төгу басымдау секілді. Анарбек Орман тұтынушылардың 64 пайызы ай сайын кәріз жүйесіне 230 теңге төлейтінін мәлім етті.-Тұрғындардың 33 пайызы жеке тұрғын үйдегі жер телімі, бассейні болғандықтан төлемақыны өз мөлшерінде төлейді. Құбыр, кәріз жүйелерінің жөндеу күтіп тұрғандары жетерлік. Соған қарамастан биыл жаңа жылдан бастап коммуналдық төлемді 10 пайызға төмендеттік, — деді төраға. Д.БАЛҚЫБЕК.Фотоны автор ұсынды.