Шыққанына 50 жыл болған Lamborghini 4 млн долларға бағаланды
Тамыздың ортасында Gooding&Co аукционы жақсы сақталған Lamborghini Miura P400 SV-ді сатуға қойды, әлемде мұндай Miura-ның 150 данасы ғана бар.
1972 жылғы сирек кездесетін суперкар 3.5–4.25 млн долларға бағаланып отыр.
Моторы ортада орналасқан Lamborghini Miura әдеттегі жолға арналған суперкарлар арасында жаңалық болды. Мұндай схеманы Lamborghini мамандары 1960 жылдардағы жарыс көліктерінен алып, жалпыға арналған автомобильге орнатты. Сондай-ақ Miura ерекше шанақ дизайнымен танымал болды, ол әйгілі Марчелло Гандинидің алғашқы жұмыстарының бірі саналады. Бұл машинаның сұлбасын сызғанда маман небәрі 25 жаста еді.
Біз сөз етіп отырған экземпляр 1972 жылғы 12 мамырда шыққан. Тапсырыс берушінің өтінішімен суперкарға салқындатқыш орнатыпты. Оны опция ретінде ұсынған, бағасы — 555 доллар. Құрылғыны 150 машинаның 30-ына ғана қойған. Сондай-ақ сатып алушы купесіне алтын реңк араласқан Bleu Tahiti түсін таңдады.
Автомобиль алғашқы иесінің қолында 2010 жылға дейін (40 жылға жуық) болған. 2011–2013 жылдары шеберлер Miura-ны қалпына келтіріп, түпнұсқаға сай келу үшін 1970 жылдардың басындағы Pirelli шинасын орнатты. Сондай-ақ машинада 1972 жылғы нөмірі әлі тұр.