Әлеумет

Си мен Трамп саммиті: «үлкен келіссөз» жасала ма?

13-15 мамыр күндері АҚШ президенті Дональд Трамп Бейжіңге ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізуге барады.

Фото: ашық дереккөз

 Бір айға кейінге шегерілген саммиттің негізгі тақырыптары және оның әлемдік саясатқа ықтимал салдары туралыболады. Бұл туралы DW басылымы жазды.

 Сәуір айында Қытайға сапарын тоқтатқан АҚШ президенті Дональд Трамп 13-15 мамыр күндері бәрібір Бейжіңге барады. Бүгінде экономикалық өсім немесе климаттың өзгеруі сияқты жаһандық мәселелер әлемнің екі ірі державасының қатысуынсыз шешіле алмайды. АҚШ – планетадағы ең ірі экономика, Қытай – екінші экономика. Сонымен бірге Бейжің парниктік газдарды ең көп шығаратын ел болса, АҚШ бұл көрсеткіш бойынша екінші орында.

Осы жағдайда Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің алдағы келіссөздері сәтсіз аяқталмауы тиіс деген сенім Бейжіңде де, Вашингтонда да бар. Күтіліп отырған келісімдердің жаһандық маңызы болады деп есептеледі. Сонымен қатар екі амбициясы жоғары лидер өз азаматтарына, ал АҚШ жағдайында сайлаушыларға да, өздерін тиімді жағынан көрсететін нәтижелер ұсынғысы келеді. Ешқайсысы абырой жоғалтқысы келмейді, екеуі де «күшті лидер» болып көрінгісі келеді.

Сарапшы: Трампқа сыртқы саясатта жағымды жаңалықтар қажет

Бұл ретте Трамп коммунистік Қытайға үміт артып отыр. Ақ үй басшысы қытайлар үміт күттіретін мәлімдемелер жасаған сайын БАҚ оның жетістіктері туралы ықыласпен жазатынын жақсы түсінеді. Өйткені Бейжіңде саммиттің сәтсіз өтуі 13 жылдан бері ел билігін берік ұстап отырған төраға Сиді ыңғайсыз жағдайға қалдырғанын қаламайды. Дегенмен Трамптың қоржынында өзіне ұнамаса да, қажет болған жағдайда кейін америкалық қоғамға «нәтиже» ретінде көрсетуге болатын ымыралы нұсқалар болуы тиіс.

«Трампқа сыртқы саясат майданында өте қатты жағымды жаңалықтар керек», – дейді Pangoal сараптамалық орталығының саясаттанушысы, Бейжің халықаралық қатынастар университетінің бұрынғы профессоры Чу Инь. Оның айтуынша, қарашаға жоспарланған Конгрестегі аралық сайлау қарсаңында Трамп саясатын қолдау рейтингі ең төмен деңгейде тұр.

«Сірә, оның жоспары – алдын ала әскери соққылар арқылы Қытайдың одақтасы Иранды тез тізе бүктіру, Бейжіңде өз жеңісін атап өтіп, осы табысты келіссөздерде көзір ретінде пайдалану болған. Бірақ бұл жоспар іске аспады», – дейді сарапшы.

Енді, саясаттанушының айтуынша, Трамп өзі енгізген импорттық баж салығынан тұтанған сауда соғысында ең болмағанда ішінара келісімге қол жеткіземін деп үміттенеді. Бейжіңдегі келіссөздерге дейін тараптардың өкілдері 12-13 мамырда Сеулдегі кездесулерде ұстанымдарын жақындатуға тырыспақ. Бақылаушылардың пікірінше, сауда қақтығысын реттеу қазір Конгрестің екі палатасында да шағын ғана басымдыққа ие республикашылардың сайлауалды науқаны үшін сәтті бастама болар еді.

Тайвань – Қытай үшін «қызыл сызық»

Қытай тұрғысынан АҚШ-пен қарым-қатынаста аттап өтуге болмайтын «қызыл сызық» – Тайваньның құқықтық мәртебесі. Бейжің бұл аралды 1949 жылы Мао Цзэдун жариялаған ҚХР-дың бүлікшіл провинциясы деп санайды. Алайда демократиялық жолмен өзін-өзі басқарып отырған аралда әлі күнге дейін 1911 жылы қабылданған Қытай Республикасының Конституциясы әрекет етеді.

Бейжің мұндай Конституция мүлде болмауы керек деп есептейді. Тайваньның тәуелсіз мемлекет ретінде аталуы да Қытайға керек емес. Бейжің Тайваньды Қытайдың ажырамас бөлігі, ал Қытай Халық Республикасын оның жалғыз заңды үкіметі деп көрсетеді. Осы үш тұжырым бірге «бір Қытай» қағидатын білдіреді. Бұл қағидат ҚХР-мен дипломатиялық қатынас орнатқан барлық мемлекеттер үшін негіз болып саналады.

1972 жылғы ақпанда қабылданған Шанхай коммюникесінде, яғни АҚШ пен Қытай Халық Республикасы арасында дипломатиялық қатынас орнатуға негіз қалаған құжатта, АҚШ билігі «бір Қытай» қағидатын тек мойындаған болатын.

Сонымен бірге 1979 жылғы Тайваньмен қатынастар туралы заң АҚШ билігіне «Тайваньға қорғаныс қаруын беруге» және «Тайвань халқының қауіпсіздігіне немесе әлеуметтік-экономикалық жүйесіне қауіп төндіруі мүмкін кез келген күш қолдануға немесе мәжбүрлеудің өзге түрлеріне қарсы әрекет етуге» құқық береді.

Дональд Трамптың екінші президенттік мерзімі кезінде Тайбэй 2025 жылдан бері АҚШ компанияларынан рекордтық 11,1 миллиард доллар көлемінде қару-жараққа тапсырыс берген. Ал 8 мамырда Тайвань парламенті негізінен АҚШ-тан ірі әскери техника сатып алуға рұқсат беретін заң қабылдады. 2033 жылға дейін бұл сатып алулардың көлемі 25 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін.

Бейжің Трамптың қолданыстағы заңнама аясында едәуір еркін әрекет ету мүмкіндігі бар екенін түсінеді. Сондықтан Қытай АҚШ президентін Тайваньға қатысты ҚХР үшін қолайлы мәлімдеме жасауға көндіруге барынша күш салады деп болжанған.

Сайт Әкімшілігі