Си Цзиньпин Пхеньянға не үшін барды?
Қытай басшысы Си Цзиньпин жақында АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесті. Артынша Ресей президенті Владимир Путинмен жолықты.
Содан кейін 8 маусымда Пхеньянға аттанып, Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынмен келіссөз өткізді. Аталған кездесулер ірі державалар арасындағы кезекті дипломатиясияқты көрінуі мүмкін. Бірақ халықаралық саясатта, әсіресе, Қытай, Ресей және Солтүстік Корея секілді елдерде мұндай реттілік кездейсоқ бола бермейді.
Си Цзиньпиннің 2026 жылғы алғашқы шетелдік сапарын дәл Солтүстік Кореядан бастауы да көп нәрсені аңғартады. Бұл Пхеньянға жасалған достық ишара ғана емес, Мәскеу мен Вашингтонға жолданған саяси белгі сияқты. Қытай басшысы Ким Чен Ынға бару арқылы Солтүстік Корея мәселесінде кімнің шешуші ықпалға ие екенін еске салды. Қарапайым тілмен айтқанда, Пекин «Пхеньян Ресеймен жақындаса да, АҚШ-пен сөйлескісі келсе де, Солтүстік Кореяның басты тірегі әлі де Қытай» дегенді ұқтырды.
Ресми түрде сапар Қытай мен Корея Халық Демократиялық Республикасы арасындағы 1961 жылы қол қойылған «Достық, ынтымақтастық және өзара көмек туралы» шарттың 65 жылдығына арналды. Бұл шарт екі ел арасындағы одақтастықтың тарихи негізі саналады. Қытай 1950-1953 жылдардағы Корея соғысы кезінде Солтүстік Кореяға әскери қолдау көрсетсе, кейін ондаған жыл бойы Пхеньянның негізгі экономикалық арқасүйеріне айналды. Алайда бүгінгі саммитті тек өткен тарихтың жалғасы деп түсіндіру аздық етеді. Өйткені әлемдік жағдай өзгерді. Ресей Украинадағы соғыс салдарынан Батыспен ашық қарсылас атанды. Солтүстік Корея Мәскеумен әскери және саяси байланысын күшейтті. АҚШ Азия-Тынық мұхиты аймағында одақтастарымен бірге Қытайға қарсы қауіпсіздік белдеуін нығайтып жатыр. Осындай шақта Пхеньян Бейжіңге бұрынғыдан да маңызды геосаяси одақтасқа айналды.
Жабық есік жағдайындағы кездесу
Си Цзиньпиннің сапары 8 маусымда басталды. Қытай басшысы мінген ұшақ Пхеньян халықаралық әуежайына қонғанда, оны Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын мен жұбайы Ли Сол Чжу жеке қарсы алды. Сидің жұбайы Пен Лиюань да сапар құрамында болды. Бұл детальдың өзі Пхеньянның сапарға мемлекеттік қана емес, отбасылық сипат бергісі келгенін байқатты. Бұдан бөлек, әуежайдағы қызыл кілем, құрмет қарауылы, әскери оркестр, екі ел туының қатар желбіреуі – Солтүстік Корея протоколының үйреншікті элементтері. Бірақ бұл жолғы рәсімнің салмағы бөлек еді. Себебі Пхеньян Сиді шетелдік қонақ ретінде емес, тарихи одақтас әрі сыртқы әлемге көрсетілетін басты серіктес ретінде қабылдады.
Кейін Ким Ир Сен атындағы бас алаңда салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Әскери бөлімдер сап түзеді, оркестр ойнады, алаңға мыңдаған тұрғын шықты. Қала көшелеріне Қытай мен КХДР достығын дәріптейтін ұрандар, көшбасшылардың портреттері, қызыл тулар ілінді. Бұл көріністің бәрі Солтүстік Кореядағы халыққа да бағытталды, яғни Ким режимі халқының алдында «жалғыз емеспіз, бізді әлемдегі ең ірі державалардың бірі қолдайды» деген образ қалыптастырды.
Сол күні Си мен Ким алдымен жеке форматта сөйлесті. Жабық кездесуде не талқыланғаны толық жарияланған жоқ. Бірақ мұндай кездесулерде негізгі саяси тақырыптар Ресей факторы, АҚШ-пен ықтимал келіссөздер, ядролық бағдарлама, шекаралық сауда, қауіпсіздік мәселелері және Қытайдың КХДР инфрақұрылымына мүддесі қозғалған болуы ықтимал. Жеке кездесуден кейін кеңейтілген құрамдағы келіссөздер өтті. Оған екі елдің партиялық, дипломатиялық, әскери және экономикалық өкілдері қатысты. Бұл да сапардың кезекті рәсім емес екенін көрсетеді.
Кешкісін Мокран резиденциясында мемлекеттік қабылдау ұйымдастырылды. Екі тарап «мәңгілік достық», «социалистік мұрат», «ортақ тағдыр», «жаңа тарихи кезең» туралы мәлімдемелер жасады. Мұндай сөздер сырт көзге дипломатиялық қалыпты тіркестер болып көрінуі мүмкін. Бірақ Солтүстік Корея мен Қытай секілді елдерде ресми мәлімдеменің өзі саяси белгінің негізгі құралы. Әсіресе «жаңа тарихи кезең» деген тіркес Пекин мен Пхеньянның қарым-қатынасты бұрынғы деңгейде қалдырмай, жаңа геосаяси жағдайға бейімдеуге ниетті екенін көрсетеді.
Достық мұнарасындағы «төс қағыстыру»
9 маусымда Си Цзиньпин Қытай-Корея достығы мұнарасына барды. Бұл монумент Корея соғысында Солтүстік Корея жағында соғысқан қытайлық еріктілердің құрметіне қойылған. Сидің осы жерге баруы да кездейсоқ болмаса керек. Ол Қытай мен КХДР байланысының тек бүгінгі мүддеге емес, ортақ соғыс тарихына, қанмен бекіген одаққа сүйенетінін еске салды.
Сол күні Си Корея Еңбек партиясының кадрлар даярлау орталығында сөз сөйледі. Бұл – сапардың ең маңызды тұстарының бірі. Өйткені ол Қытай мен КХДР кездесуін тек мемлекетаралық емес, партияаралық байланыс ретінде көрсетті. Си Цзиньпин Пхеньянға тек Қытай мемлекетінің төрағасы ретінде емес, Қытай Коммунистік партиясының басшысы ретінде де барды. Ким Чен Ын да тек мемлекет басшысы емес, Корея Еңбек партиясының жетекшісі ретінде күтіп алды. Осы жерде сапардың идеологиялық қабаты ашылады. Қытай Пхеньянға «бізді тек шекара, сауда немесе қауіпсіздік байланыстырмайды, бізді ортақ партиялық-идеологиялық дәстүр де байланыстырады» деген ойды жеткізді. Бұл да Ресейге қаратылған ишара мен белгі сынды. Себебі Мәскеу мен Пхеньян қазір әскери-саяси әріптестікті күшейтсе де, Қытай мен Солтүстік Корея арасындағыдай коммунистік партиялар сабақтастығы жоқ.
Сапар соңында тараптар сауда, инвестиция, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, инфрақұрылым, денсаулық сақтау, фармацевтика, ғылым, жоғары технология, білім, мәдениет, туризм, спорт және жастар алмасуы салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге уағдаласты. Ресми мәлімдемелерде нақты ірі келісімдер мен сандар көп айтылмағанымен, келіссөздердің ауқымы кең болғаны байқалады.
Сарапшылар не дейді?
BBC орыс қызметінің «Что это было?» подкастында қытайтанушы, NEST аналитикалық орталығының сарапшысы Алексей Чигадаев Си Цзиньпиннің бұл сапарының уақытын ерекше атап өтеді. Оның пікірінше, Си Пхеньянға Трамппен және Путинмен кездесуден кейін барды және бұл – сарапшылардың назарын аудартқан оқиғаның бірі.
Оның ойынша, Си бұдан ертерек те, әлдеқайда кейін де баруы мүмкін еді. Бірақ ол дәл осы уақытты таңдады. Демек, Пекин бұл сапарды АҚШ пен Ресеймен арадағы үлкен саяси контекстің бір бөлігі ретінде көрсеткісі келді. Бір сөзбен айтқанда, аталған сапар – Сидің Киммен ғана емес, бір мезетте Вашингтонмен де, Мәскеумен де алыстан сөйлесуі сипатты.
Осы сапары арқылы Бейжің Солтүстік Корея мәселесін Қытайсыз шешу мүмкін емес екенін байқатты. Егер АҚШ КХДР ядролық бағдарламасын талқылағысы келсе, Қытаймен санасуы қажет. Сол сияқты Ресей Пхеньянмен әскери-саяси жағынан жақындасқысы келсе, Қытайдың тарихи және экономикалық ықпалын ескеруі керек. Ал Ким Чен Ын сыртқы саясатта жоспар құрса, ол Қытайдың шекаралас, экономикалық және саяси салмағын ұмыта алмайды.
Пхеньянмен Мәскеудің достығынан Қытайға қауіп бар ма?
Кейінгі жылдары Солтүстік Корея мен Ресей арасындағы байланыс ерекше күшейді. Мәскеу мен Пхеньян стратегиялық әріптестік туралы келісім жасады. Әскери ынтымақтастық, өзара қолдау, адам ресурсы, әскери өнеркәсіп және санкцияларды айналып өту тақырыптары жиі айтыла бастады. Бұл Қытайға бір жағынан тиімді көрінуі мүмкін. Себебі Ресей мен Солтүстік Кореяның Батыспен қарсыласуы АҚШ-тың назарын бірнеше бағытқа бөледі. Вашингтон бір мезетте Украина, Тайвань, Корея түбегі, Оңтүстік Қытай теңізі, Жапония және Филиппин бағыттарына күшін жұмсауға мәжбүр болады.
Алайда Пхеньянның Мәскеуге шамадан тыс жақындауы Бейжіңге қауіпті көрінетін сыңайлы. Қытай Солтүстік Кореяны өзінің буферлік аймағы ретінде қарастырады. КХДР режимінің тұрақтылығы, шекара қауіпсіздігі, босқындар қаупінің болмауы, Корея түбегіндегі соғыс ықтималдығының төмендігі – Қытайдың тікелей ұлттық мүддесі. Егер бұл кеңістікте Ресейдің ықпалы күрт артып кетсе, Бейжің өзінің тарихи орнын әлсіретіп алуы мүмкін. Бірақ Пекин Пхеньянды Мәскеуден толық алыстатқысы келеді деу – артық. Қытай Ресеймен ашық бәсекеге түскісі келмейді. Алайда Қытай Солтүстік Кореяның сыртқы саяси бағытына әсер ететін басты күш болып қалғысы келеді. Сидің сапары осы тепе-теңдікті қайта бекітуге бағытталды. Қысқасын айтқанда, Қытай Кимге «Ресеймен дос бол, бірақ негізгі арқа сүйерің кім екенін ұмытпа» дейді. Бейжің бұл сапар арқылы Солтүстік Кореяның негізгі «үлкен ағасы» өзі екенін көрсетіп отыр.
Қытайдың өзін бұлай көрсетуі де кездейсоқ емес. Себебі Солтүстік Корея экономикасының Қытайға тәуелділігі өте жоғары. Шетелдік БАҚ кей жылдары КХДР сыртқы саудасының 95-98 пайызы Қытаймен байланысты болғанын жазады. Бұл Солтүстік Корея күнделікті тұтынатын тауарлардың, киім-кешектің, азық-түліктің, тұрмыстық техниканың, өндірістің басым бөлігін Қытайдан алады деген сөз.
Ресей Солтүстік Кореяға отын, шикізат, әскери-саяси қолдау немесе белгілі бір өнеркәсіптік бағыт ұсына алады. Бірақ ол Қытайдың орнын толық баса алмайды. Себебі Ресейдің географиясы, өндірістік мүмкіндігі, логистикасы және санкциялық жағдайы КХДР-ды күнделікті өміріне қажетті өніммен қамтамасыз етуге жеткіліксіз. Қытай – Солтүстік Кореяның экономикасын ұстап тұрған негізгі арна. Сондықтан бұл ықпал бір келісіммен немесе әскери әріптестікпен өзгеріп кетпейді. Пхеньян қанша жерден Мәскеумен жақындаса да, оның экономикалық тәуелділігі Қытайға байланған күйінде қалады.
«Үлкен ағаның» ишарасы
Қытай, Ресей және Солтүстік Кореяның жақындасуын кейде «үштік одақ» деп сипаттайды. Бірақ бұл тым қарапайым түсінік. Иә, үш елдің АҚШ-қа және Батысқа қарсы ұстанымында ұқсастық бар. Олардың қазіргі халықаралық тәртіпке көңілі толмайды. Бірақ бұл толыққанды одақ деген сөз емес. Қытайдың ойы – жаһандық экономикалық және технологиялық держава ретінде АҚШ-пен бәсекеде басымдық алу. Ресейдің қазіргі мақсаты – Украинадағы соғыс жағдайында Батыс қысымына төтеп беру және өз ықпал аймағын сақтап қалу. Солтүстік Кореяның көздегені – режимді сақтау, ядролық мәртебесін мойындату және санкциялардан аман қалу. Ал осы үш мақсат кей жерде түйіседі, кей жерде қайшы келеді. Қытай Солтүстік Кореяның тұрақты болғанын қалайды, бірақ оның шектен тыс ядролық арандату жасағанын қаламайды. Ресей Пхеньяннан әскери-саяси пайда алғысы келеді, бірақ оны ұзақ мерзімді экономикалық тұрғыда асырай алмайды. Ким болса екі алып көршінің арасында өз бетінше маневр жасағысы келеді.
Си Цзиньпиннің Пхеньянға сапарын дипломатия немесе екі социалистік елдің салтанатты кездесуі деп түсіндіру жеткіліксіз. Бұл сапардың бірнеше қабаты бар. Біріншіден, Қытай мен КХДР 1961 жылғы достық шартының 65 жылдығын атап өтті. Екі ел тарихи байланысын, идеологиялық жақындығын және стратегиялық серіктестігін тағы бір мәрте көрсетті.
Екіншіден, Қытай Солтүстік Кореяның басты сауда серіктесі әрі негізгі тірегі болып қала береді. Пекин бұл рөлін сақтап қана қоймай, шекара, инфрақұрылым, логистика және сауда салаларында ықпалын тереңдеткісі келеді.
Үшіншіден, Ресей мен Солтүстік Кореяның жақындасуы Қытайды белсенді қимылдауға итермеледі. Си Кимге Пхеньянның басты серіктесі кім екенін еске салды. Сонымен бірге Мәскеу мен Вашингтонға да «КХДР мәселесінде Қытайсыз шешім жоқ» деген белгі берді.
Сондықтан Сидің Пхеньянға сапары – Қытайдың аймақтағы ықпалын қайта бекіту әрекеті. Бұл сапар Ким Чен Ынды Ресейден ажыратып әкету емес, бірақ оның Мәскеуге тым жақындап кетпеуін бақылау болып қабылданбақ. Ең бастысы, Си бұл сапар арқылы Солтүстік Корея қанша жерден Ресеймен жақындасса да, Қытайсыз күні жоқ екенін ұқтырғысы келді.
Тұрсынбек БАШАР