Сиднейдегі шоу кезінде дрондар істен шығып, көрермендердің көз алдында құлады
Сиднейде өткен Vivid Sydney фестивалі кезінде техникалық ақауға байланысты 90-ға жуық дрон істен шығып, аспаннан құлаған.
Оқиға Дарлинг-Харбордағы Кокл-Бей шығанағы маңында өткен Star-Bound шоуы кезінде болған. Алғашында түрлі-түсті дрондар тобы аспанды жарықтандырған. Алайда көп ұзамай 89 дрон негізгі топтан бөлініп шығып, суға құлай бастаған.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқыс жағдайға радиожиілік ортасының күтпеген өзгерісі себеп болған. Соның салдарынан құрылғылардың позицияны дәл анықтау жүйесі бұзылған.
Оқиғадан кейін фестиваль бағдарламасындағы сәрсенбі күнгі қойылымдар тоқтатылды. Ал 31 мамырға жоспарланған шоуға қатысты шешім әлі қабылданбаған.
Дрондарды ұшыруға жауапты компания өкілдері оқиға салдарынан ешкім зардап шекпегенін хабарлады. Сондай-ақ олар сынақтар мен дайындық кезінде ешқандай ақау болмағанын айтып, көрермендерден қолайсыздық үшін кешірім сұрады.