Сирия Башар Асад сырттай өлім жазасына кесті
Дамаскідегі қылмыстық істер жөніндегі сот Сирияның бұрынғы президенті Башар Асадты, оның немере ағасы Атеф Наджибті және іздеуде жүрген тағы жеті адамды өлім жазасына кесті. Бұл туралы SANA агенттігі хабарлады.
Үкімді судья Фахр аль-Арайян соттың тоғызыншы отырысында жариялады. Сот Башар Асадты бірнеше адамды, оның ішінде балаларды қасақана өлтіру, азаптау, заңсыз қамауда ұстау және адамзатқа қарсы қылмыс жасау бойынша кінәлі деп таныды. Отырыста Сирияның бас прокуроры Хасан ат-Турба, Өтпелі әділет жөніндегі ұлттық басқарманың басшысы, халықаралық құқықтық және гуманитарлық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қаза тапқандардың туыстары болды.Атеф Наджиб бұған дейін Дераа провинциясындағы саяси қауіпсіздік бөлімін басқарған.
Сот анықтағандай, 2011 жылы Дераада наразылықтар басталғаннан кейін ол ұсталған адамдарды тергеуге қатысқан. Сонымен қатар саяси қауіпсіздік қызметкерлері өзге де күштік құрылымдармен бірге Омари мешітіне жасалған шабуылға қатысқан.
Сот дерегіне сәйкес, Наджиб Дераада бейбіт тұрғындарға қарсы күш қолдану операциясына жетекшілік еткен. Оның әрекеті адамзатқа қарсы қылмыс ретінде бағаланды.
Өлім жазасына сырттай кесілген жеті адамның қатарында Махер Асад, Фахд Джасем аль-Фурейдж, Мухаммед Айман Аюш, Луаи Али аль-Али, Касы Ибрахим Махьюб, Вафик Салех Насер және Талал Фарес аль-Асими бар. Олар қасақана адам өлтіру, өлімге әкелген азаптау және өзге де қылмыстарға кінәлі деп танылды.
Сот Башар Асадтың қылмыстарға қатысы мемлекеттік құрылымдарды пайдаланып, негізгі шешімдерді қабылдауымен байланысты болғанын атап өтті. SANA мәліметінше, Атеф Наджибтен басқа сотталғандардың барлығына үкім сырттай шығарылған.
Еске салайық, 2024 жылдың қараша айының соңында қарулы оппозициялық күштер Сирия армиясының позицияларына қарсы ауқымды шабуыл бастады. 8 желтоқсанда оппозициялық жасақтар Дамаскіге кіргеннен кейін Башар Асад президенттік қызметтен кетіп, елден кетті. Билік ауысқаннан кейін Сирияның іс жүзіндегі басшысы «Хайят Тахрир аш-Шам» ұйымының жетекшісі Ахмед аш-Шараа болды. 2025 жылдың 29 қаңтарында ол өтпелі кезеңде мемлекет басшысының міндетін атқаратынын мәлімдеді.