Саясат

Сырский: Ресей Чернигов облысына шабуыл жасауды жоспарлап отыр

Украина Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Александр Сырский Ресей армиясының ең ықтимал шабуыл бағыттарының бірі – Брянск облысы арқылы Чернигов облысына басып кіру екенін мәлімдеді.

Фото:Армия.Inform

Бұл туралы ол ТСН телеарнасына берген сұхбатында айтты.

Сырскийдің сөзінше, Мәскеу осы бағыт арқылы Украина күштерінің бір бөлігін басқа майдан учаскелерінен алаңдатып, қордағы әскери бөлімдерді әлсіретуді және майдан шебін кеңейтуді көздеп отыр.

«Олардың жоспары – Чернигов облысының ішіне қарай жылжу. Осы арқылы Украина күштерінің бір бөлігін осы бағытқа тартып, майдан шебін созып, біздің резервтерімізді азайтқысы келеді. Бұл – нақты сценарий және біз оған дайындалып жатырмыз», – деді ол.

Сонымен қатар Сырский Ресей әскери басшылығы Беларусь аумағы арқылы Киевке қайта шабуыл жасау мүмкіндігін де қарастырып отырғанын айтты.

«Біз Ресей президенті Владимир Путин Бас штабқа түрлі шабуыл сценарийлерін әзірлеуді тапсырғанын білеміз. Сондықтан Беларусь арқылы шабуыл жасау нұсқасын да ескеріп отырмыз», – деді Украина Бас қолбасшысы.

Алайда оның айтуынша, әзірге Беларусь аумағында Ресей немесе Беларусь әскерлерінің ауқымды шоғырлануы байқалмайды.

Сырский қазіргі жағдайда Беларусь басшылығы өз аумағын Ресей үшін тағы да шабуыл плацдармы ретінде пайдалануға келісе қоюы екіталай деп санайды.

«Бізде жеткілікті тәжірибе, дайындалған бөлімдер және қажетті күштер бар. Бұл бағыттан туындауы мүмкін кез келген қауіпке қарсы тұра аламыз», – деді ол.

Сондай-ақ Сырский Украина тарапы Беларусь аумағында Ресейдің дрондарына навигациялық қолдау көрсететін ретрансляторлардың жұмысын бақылап отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл құрылғылар әлі толықтай бөлшектелмеген.

Бұған дейін Беларусь президенті Александр Лукашенко Ресей мен Украинаны өз елін соғысқа тартпауға шақырған болатын. Ал Украина президенті Владимир Зеленский Минскіден Ресей дрондарына көмектесетін техникалық құралдарды жеті күн ішінде алып тастауды талап еткен.

Сайт Әкімшілігі