Сиырдың орнына пәтер алыпты
Мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуының бергі жағын бір қараған Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасы бастарын шайқап отыр.
Шайқамай қайтсін, «Жұмыспен қамту жол картасы» мен «Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» мемлекеттік бағдарламалары жалған жұмыс орындарын құру, еңбек нарығына лайықсыз мониторинг жүргізу, азаматтарды қажетсіз мамандықтарға оқытуға мұрындық болыпты. Соның салдарынан бюджеттің 1,5 млрд теңгесі «бармақ басты, көз қыстылықпен» талауға түскен.Ауылда мал ұстап, кәсібін дөңгелеткісі келетін көп азамат құжаттан-құжат жинап мемлекеттің қолдау қаражатын ала алмай жүрсе, есесіне бұл мақсатқа берілетін заемдарды басқа біреулер бас пайдасына жаратқан. Мәселен, о баста 15 сиыр сатып аламын деп 3 млн теңге несие алған бір «пысық» оған сиыр емес, баспана сатып алған. Прокурорлық тексеру нәтижесінде ол енді алған қаражатын мемлекет есебіне қайтаруға міндеттелді. Тап осындай міндеттеме 20-дан астам азаматқа жүктелді.«Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ШҚО филиалының қызметкерлері жұмысы салық органдарында тіркелмеген 24 азаматқа 51 млн-нан астам теңгені жөнсіз таратқаны да анықталды. «Сондай-ақ 37 заем алушы ірі қара мал сатып алу үшін 82 млн теңгеден астам несие алып, бір айдан кейін кәсіпкерлік қызметтерін тоқтатқан. Мысалы, облыс тұрғыны 1,5 млн несие алып, 29 күннен кейін салық органдарының есебінен шығып кеткен», – дейді ШҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.Бюджет қаражатын қымқырмаққа келгенде ШҚО жұмыспен қамту орталығы алдына жан салмайтын болып шықты. «Ұрлық схемасын» құрған жұмыспен қамту орталығы қызметкерлерінің көмегімен Абай ауданында жергілікті кәсіпкер іс жүзінде жоқ «жұмыс орнын» ашып, 500 мың теңге бюджет қаражатын өз пайдасына жаратқан. Әрине, оның осы мақсатта жұмыспен қамту орталығының лауазымды тұлғаларымен сөз байласқанын ескерсек, жарты миллион теңгені жалғыз «жұтпағаны» белгілі. Қанша адамға жалақы төлеймін деп алғанын кім білсін, бірақ қағаз жүзіндегі «жұмыс орындары» арқылы пайда тапқан. Облыс бойынша уәкілетті органға жалған құжаттар мен мәліметтер беру арқылы осындай жұмысқа жалған орналасудың 39 оқиғасы анықталды. Есесіне мемлекет есебінен 6 млн теңге желге ұшқаны әшкереленіп, оның 2 млн-ы бюджетке қайтарылды. Ал қалған сома бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫШығыс Қазақстан облысы